5 Тамыз 2025 ж.
ЭКСЖ жобалары қарқынды жүрмек: Бозымбаев Жобалық кеңсенің негізгі бағыттарын нақтылады

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясында құрылған Жобалық кеңсенің отырысын өткізді.
Кездесуде заңнамалық өзгерістер, жобаны қаржыландыру, сатып алу рәсімдері, отандық тауар өндірушілерді қолдау және цифрландыру мәселелері қаралды.
Ұлттық жобаны заңдық негізде жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы 17 шілдеде тиісті заңға қол қойған. Бұл заң 29 шілдеден бастап күшіне енді.
Қазіргі уақытта Жобалық кеңсе 669 лицензиясы бар EPC-мердігерді, 220 отандық өндірушіні және 2 700-ге жуық тауар атауын талдап шықты.
Сонымен қатар, жобаны іске асыруға арналған электрондық сатып алу платформасы әзірленуде. Бұл платформа арқылы «кілтімен тапсыру» келісімшарттарын жасап, жобаларды іріктеу мен бақылау жүргізу көзделіп отыр.
Жобаның механизмдері туралы толық ақпарат алу үшін «1465» нөмірлі байланыс орталығы істе қосылды.
ЭКСЖ аясында пилоттық жобалар басталды: 8,5 мың шақырым желі жөнделеді.
Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба (ЭКСЖ) шеңберінде пилоттық жоба ретінде 35 табиғи монополия субъектісі (ТМС) бекітілді. Қазіргі таңда тағы 22 жоба қаралу үстінде.
2025 жылдың соңына дейін 8,5 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу және 42 мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарланған. Ал 2026 жылға қарай 6 ТМС-тің желілерінің тозу деңгейі «қызыл» аймақтан «орташа» деңгейге дейін төмендеп, жалпы тозу көрсеткіші 40%-ға қысқарады деп күтілуде.
Пилоттық жобаларды қаржыландыру операторы ретінде «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ мен «Қазақстанның Даму Банкі» қарастырылып отыр. Бұған қоса, бес қазақстандық банк жобаларға қатысуға қызығушылық танытқан. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттарын тарту жұмыстары да жалғасып жатыр.
Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, кейбір жергілікті атқарушы органдар 2026 жылға арналған жобаларды жоспарлау кезінде ЭКСЖ аясындағы нарықтық құралдарды пайдалана бермей, бұрынғыдай тек бюджет қаражатына иек артып отыр.
Вице-премьердің сөзінше, енді инфрақұрылымды жаңғырту жобалары міндетті түрде ЭКСЖ сүзгісінен өтіп, нарықтық тетіктер тұрғысынан бағаланбақ.
«Мемлекеттік органдар жобаларды жүзеге асыруда ЭКСЖ тетіктерін ескеріп, ең алдымен нарықтық мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Бюджет қаражаты тек балама болмаған жағдайда ғана жұмсалады. Бұл – Үкіметтің нақты ұстанымы», — деді Бозымбаев.
Таяуда ЭКСЖ жобаларын іске асыру үшін өңірлік жаңғырту карталары әзірленеді.
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында биыл қазан айында толыққанды іске қосу үшін вице-премьер Қанат Бозымбаев Жобалық кеңсеге нақты тапсырмалар жүктеді.
Соның аясында әкімдіктерге өңірлердегі энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша арнайы «Жаңғырту карталарын» әзірлеу тапсырылды. Бұл карталар табиғи монополия субъектілерінің (ТМС) инфрақұрылымдық тозу деңгейіне сүйене отырып, жаңғырту тәртібін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Салалық мемлекеттік органдар осы карталар негізінде жаңарту кезектілігін анықтайды. Ал техникалық және қаржылық операторлар жобаға қажетті қаржы көлемін алдын ала есептеп, жобаларды жүзеге асыруға дайындық жүргізеді.
Қолжетімді қаржыландыру мен жоспарланған жұмыстарға қатысты нақты деректер ЭКСЖ-ны іске асырудың жүйелі жоспарын құруға және негізгі көрсеткіштердің (KPI) орындалуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.