Қаз

6 Қыркүйек 2025 ж.

ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру аясында Текелі энергокешенінде екі газ турбиналық қондырғы салынды

Маңғыстау облысында Текелі энергокешенін жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Жалпы қуаты 24 МВт болатын екі газ турбиналық қондырғы пайдалануға берілді. 

Бұл генерацияның қосымша өсуін қамтамасыз етті және өңірдің тұтынушыларын энергиямен жабдықтау сенімділігін арттырды. 

Жұмыстар бүкіл ел бойынша энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңартуды көздейтін “Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында жүргізілді.

Текелі энергия кешенін жаңартудың екінші кезеңінде қуаты 12 МВт болатын тағы бір газ турбиналық қондырғы салынады. Жабдық жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Барлық жұмысты орындағаннан кейін энергия кешенінің жалпы қуаты 36 МВт-қа артады.

Жоба Маңғыстау облысының энергия жүйесіне өсіп келе жатқан жүктемелерді жабу және көршілес өңірлерден электр энергиясын жеткізуге тәуелділікті азайту үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Жаңа қуат көздерін іске қосу облыстың энергетикалық әлеуетін нығайтуға, өнеркәсіп пен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасауға, сондай-ақ өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.