5 Қыркүйек 2025 ж.
ЭКСЖ Ұлттық жобасын іске асыру инженерлік желілердің тозуын 40%-ға төмендетеді – Олжас Бектенов

AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тарифтік реформаны жалғастыру және энергетика мен коммуналдық секторларда Ұлттық жобаны жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
«Бұл жұмыс 2023 жылы басталып, 2024 жылы жалғасын тапты және биыл да жүргізілуде. Екі жарым жыл ішінде инженерлік инфрақұрылымды, жылу көздерін, түрлі желілерді жаңғыртуға 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 6,2%-ға төмендеді. Қиындықтарға қарамастан, біз бұл жұмысты жалғастыруға ниеттіміз, өйткені қазіргі заманға сай жаңғыртылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қалыптастырғымыз келеді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жалғасы болып табылатынын айтты.
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды, іске асырылып жатыр. Ол «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын 2029 жылға дейін жалғастыруды көздейді. Ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Бұл, біздің ойымызша, қалыпты жағдайға жеткізіп, күзгі-қысқы кезеңді тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Бұл жұмысты жалғастыруға ниеттіміз», – деді Олжас Бектенов.