Қаз

24 Қыркүйек 2025 ж.

ЭКСЖ жобасын іске асыруға бюджеттен қаражат пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға ғана қарастырылған

модернизация, ЭКСЖ, - МЭКС

ЭКСЖ жобасын іске асыруға мемлекеттік бюджеттен қаражат тек пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға көзделген. Егер ұлттық жобаны қаржыландыруға коммерциялық қаржы институттары қызығушылық танытпаса, мемлекеттің жобаны қаржыландыруға қаржылық мүмкіндігі бар. 

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Астанада өткен «KursivInfrastructure Forum: ұлттық жобалар Қазақстан экономикасының өсуіне қалай әсер етеді?» форумында айтты.

«Қаржыландырудың нақты құралдарына қатысты айтар болсақ, бұл жерде даму шығындарының екі жолы бар екенін түсіну маңызды, не бұл инфрақұрылым өзін-өзі ақтайды, не өзін ақтамайды. Әрине, біз барлық инфрақұрылымның өзін-өзі ақтағанын қалаймыз. Сонда бюджетке түсетін ауыртпалық азаяды және оған салық түсімдерін пайдаланудың қажеті болмайды. Құдайға шүкір, ТКШ – бұл бүкіл әлемде өзін-өзі ақтайтын сегмент. Сәйкесінше, жаңғырту өзін-өзі ақтай отырып жүргізілуі мүмкін», - деді экономика вице-министрі.

Бұл оның қаржыландыруы үшін бюджеттік емес қаражатты пайдалануға болатынын білдіреді. Қазіргі кезде ЭКСЖ аясында бюджеттен қаражат пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға ғана көзделген. Бұл қомақты қаражат емес.

«Жеке қалаларда тарифтердің шамадан тыс өсуін болдырмау үшін, инфрақұрылымы әбден тобаған немесе абоненттер саны аз жерлерде тарифтің басқа қалаларға қарағанда жылдам өсуі ықтимал. Осындай нақты қалаларда тариф өсімін тежеу үшін пайыздық мөлшерлеме субсидияланады. Ақырында бюджеттен бөлінетін қаражат тек осы мақсатқа жұмсалады жоспарлануда», - деді Арман Қасенов.

Қалған барлық қаражат өзін-өзі ақтайтын негізде даму институттары арқылы 20 жыл мерзімге беріледі. Бастапқыда қарыз сомасы 7-10 жыл болады деп болжанған. Дегенмен, кейбір салаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру есебінен қамтамасыз ету қажеттілігі айқын, бұл өз кезегінде тарифке әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. 

«Біз тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды ұзақ мерзімді ресурстар арқылы қаржыландыра алатынымыз жөнінде шешім қабылдадық. Коммерциялық банктердің, екінші деңгейлі банктердің қатысуына келетін болсақ, ешқандай кедергі жоқ. Коммерциялық банктер тұрғын үй және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды қаржыландырғысы келсе, тамаша болады. Оған шетелдік банктер де қызығушылық танытуда. Жалпы, олар келіп қаржыландырса, тамаша болады. Алайда олардың бізге қызығушылығы төмен болса, мемлекет халықаралық даму институттарының, коммерциялық даму институттарының пікіріне қарамастан, даму институттары арқылы 6 жыл бойы барлық бағдарламаны қаржыландыра алады», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – аса маңызды жоба. Оған кемінде 13 триллион теңге қажет, оның ішінде шамамен 6 трлн теңге – энергогенерацияға, 6,8 трлн теңге – су, электр және жылумен жабдықтау инженерлік желілерін жаңартуға жұмсалады. 

«13 триллион теңгенің 6,8 триллионы инженерлік желілерге тікелей бағытталмақ. Жалпы айтқанда, жыл сайын экономикаға инфрақұрылымдық инвестициялар шамамен 8 триллион теңге құрайды. Жалпы, экономикадағы инфрақұрылымдық инвестициялар жылына 8 триллионға жуық деп айта аламын. Әрине, бәрі, соның ішінде, ең алдымен, көлік саласы екенін түсінесіз. Жалпы 6,8 трлн теңге – бұл Қазақстан экономикасы үшін өте қолайлы сома. Былтыр ЖІӨ 134 трлн болды, биыл шамамен 160 трлн күтеміз. Бұл ақылға қонымды сома», - деп атап өтті ҰЭМ вице-министрі.

Есептеулер көрсеткендей, жалпы жаңғырту 200-ге жуық табиғи монополия субъектілеріне қатысты болады. 

«Біз тарифті қаншалықты көтеру қажет болатынын есептедік және тарифті алты жыл бойы кезең-кезеңімен көтеру іс жүзінде айтарлықтай ауыртпалық тудырмайтынын түсіндік», - деп түйіндеді ол.

Оның айтуынша, жылу желілерінің орташа тозуы 53 пайыз. 22 монополист бойынша бұл көрсеткіш 65-тен 90 пайызға дейін жетеді. Электрмен жабдықтау саласында тозу деңгейі одан да жоғары, орта есеппен 62 пайыз, оның ішінде 18 монополисте 70-тен 97 пайызға дейін тозған. 

Сумен жабдықтау жүйелерінде орташа тозу 39 пайызға, ал кәріз (су бұру) жүйелерінде 54 пайызға жеткен. 

«ЭКСЖ аясында шамамен 13 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Нәтижесінде орташа тозу 35-40 пайызға дейін төмендейді», - деді Арман Қасенов.