Қаз

8 Қазан 2025 ж.

ЭКСЖ аясында монополистер «Бәйтерек» холдингіне 126 млрд теңгеге өтінім берді

ЭКСЖ, Бәйтерек, ұлттық жоба, - МЭКС

Бұл туралы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Ұлттық жобаның қаржы операторы – «Бәйтерек ҰБХ» АҚ. Холдингтің құзыретіне тікелей және облигациялық қарыздар арқылы қаржыландыру, сондай-ақ ТМС жобаларын субсидиялауға өтінімдерді қарау кіреді.

«Ұлттық жобаны іс жүзінде іске асыру басталды. Қазіргі кезде қаржы операторына қарыздың жалпы сомасы шамамен 126 млрд теңгеге 8 ТМС-нен өтінім келді. Олар «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қарауына жіберілді. Сондай-ақ ЖАО мемлекеттік бағалы қағаздарын шығару арқылы өзін өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғыртуды ынталандырудың тиімді тетігі көрсетеді», - деді ол. 

Вице-премьердің айтуынша, бүгінде холдингтің еншілес ұйымы саналатын «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ 22,5 млрд теңгеге ЖАО-ның мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алды. Сонымен қатар ол Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 пилоттық жобаны іске қосу бойынша жұмыс басталғанын айтты. 

«Осылайша, қарыз алу арқылы қаржыландыруды тарту бізге неғұрлым нарықтық жағдайларға көшуді қамтамасыз ете отырып, бюджет шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Реттелетін тарифтерге артық қысым көрсетуді болдырмау үшін тартылған қарыздар бойынша кредиттік мөлшерлемелерді субсидиялау тетігі көзделген. Қарыздың 10%-ы монополистердің тарифтерінде ескеріледі, барлығы бюджет тарапынан субсидиялауға жатады. 2026 жылға 35,5 млрд теңгеге 2026-2028 жылдарға арналған сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға қаржыландыру қолдау тапты», - деді Қанат Бозымбаев.

Қаржыландыру схемасы монополистердің жөндеу жұмыстарын жүргізуге өтінімдерді қарау кезінде үш сатылы сүзгіден өтеді. 

Бірінші кезең – техникалық оператордан салалық қорытынды алу. Ол жобаның мақсаты мен дұрыстығына қарап, ең тиімді технологияларды қолдану мүмкіндігін анықтайды.

Екінші кезең – қаржы институттары мен қаржы операторы тарапынан жеңілдетілген қаржыландырудың шарттары мен көздері бойынша алдын ала мақұлдау алу.

Үшінші, қорытынды кезең – инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға келісім алу.

«Ұлттық жоба аясында отандық тауар өндірушілерді дамытуға және сатып алулардағы елдің ішкі үлесін арттыруға ерекше басымдық беріледі. ЕРС-мердігерлерге лицензиялардың болуына байланысты талдау жүргізілді. Елімізде құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау құжаттамасын жүргізу құқығы және бірінші санатты лицензиясы бар 680 EPC-мердігер тіркелген. Бұдан басқа, жобалаушы және құрылыс компаниялары арасында консорциум құру тетігі қарастырылған. Бұл компаниялардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады ол.

Тауар түрлері мен ОТӨ-ге алдын ала талдау жүргізілді. Нәтижесінде 2,24 трлн теңгеге сатып алынатын 2 785 тауар түрі анықталды.  

220 отандық тауар өндірушіден тұратын пул құрылды.

Отандық тауар өндірушілерді дамыту импортқа тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құруға, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік береді.