Колл-центр
3 Қараша 2025 ж.
ЭКСЖ аясында қаржыландыру цифрлық теңгені енгізу арқылы ашық болады
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысында қаражаттың тиімді жұмсалуын және есептің ашық болуын қамтамасыз ету үшін цифрлық теңге технологиясы енгізіледі. Ұлттық цифрлық валюта – жобаның қаржы айналымын барынша ашық әрі бақылауға оңай етуге бағытталған.
Үкімет 2026 жылдың басынан бастап ЭКСЖ аясындағы есеп айырысу жүйесіне цифрлық теңгені қосуды қарастыруда. Осы уақытқа қарай бұл жүйе толық іске қосылуы керек. Бұл өз кезегінде Ұлттық жоба аясындағы барлық қаржылық операцияны нақты уақыт режимінде ашық етеді әрі бақылауды жеңілдетеді.
Жаңғыртуға тартылатын барлық қаражат цифрлық теңге арқылы «таңбаланады» – бұл ақшаның қайда жұмсалғанын ашық бақылауға мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландырудың барлық тізбегі делдалдарды қоспағанда, тапсырыс берушіден түпкілікті мердігерге дейін бақылануы мүмкін. Мұндай тәсіл бөлінген әр теңгенің мақсатты пайдаланылуын бақылауға және жұмыс құнын негізсіз көтеруге жол бермейді.
Іс жүзінде цифрлық валютаны енгізу пилоттық жобалардан басталады. Қазірдің өзінде сумен және жылумен жабдықтау саласындағы пилоттық жобалар іріктеліп алынды, олар арқылы цифрлық теңгені есеп айырысу кезінде пайдалану сынақ ретінде тексеріледі. Осы тетікті сынау және барлық артықшылық мен ықтимал қиындықтарды талдау қорытындысы бойынша цифрлық теңгені ЭКСЖ-нің барлық жобасына тарату жоспарланған.
Еске салсақ, ЭКСЖ ұлттық жобасы – энергия желілері мен коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңартуға бағытталған. Оның басты мақсаты – тозған энергетикалық және коммуналдық жүйелерді жаңғырту есебінен халыққа коммуналдық қызметтерді сенімді және сапалы көрсетуді және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Жобаны 2025-2029 жылдары іске асыру жоспарланған. Оны ҚР Үкіметі 2024 жылдың желтоқсанында бекітті.
Ұлттық жобаның ауқымы өте үлкен. 86 мың шақырымға жуық коммуналдық желілерді (электрмен, жылумен, газбен, сумен жабдықтау) жаңғырту және энергетикада қосымша 7,3 ГВт жаңа генерациялайтын қуат көзін енгізу жоспарланып отыр.
Республика бойынша кемінде 200 табиғи монополия субъектісі (энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындар) және 30 жылу электр орталығы жаңғыртылады.