Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

20 Қараша 2025 ж.

ЭКСЖ аясында батыс өңірлерде қандай жобалар жүзеге асырылады

жаңғырту, ұлттық жоба, жобалар, Батыс өңірлері, ЭКСЖ, - МЭКС

Бұл туралы бүгін Ақтауда өткен журналистерге арналған медиатренингте айтылды. Шара барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Макка Шынғазиева жуырда ғана Атырау мен Ақтөбе қалалары бойынша жобаларға өтінімдер түскенін айтты.

«Кеше ғана бірнеше жоба келіп түсті. Белсенділік байқала бастады. Мысалы, Атырау қаласы бойынша қазіргі уақытта кәріз жүйесіне қатысты 4 жоба бар. Бұл – жалпы сомасы 6,7 миллиард теңгені құрайтын кәріз нысандарына байланысты жобалар. Сонымен қатар, жылу жүйесі бойынша да Атырау облысынан жаңа ғана бір өтінім түсті», - деді ол.

Сонымен қатар, Атырау облысында жылу және электрмен қамтуға қатысты алты желіні жаңғырту жобасы ұсынылды. Жалпы сомасы 23,7 миллиард теңге. Бұл жобалар қазір қаралып жатыр.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, Маңғыстау облысында жылу желілерінің тозу деңгейі 2025 жылы 69%-ға жеткен. Ұлттық жоба аясында 172 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған. Соның нәтижесінде 2029 жылға қарай тозу деңгейін 51%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.

Электр энергетикасы саласында «Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясы» АҚ-ның электр желілерінің тозу деңгейі 2025 жылға қарай 61%-ды құрайды. 419 шақырым электр желісін жөндеуге 36,6 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл жұмыс тозу деңгейін 59%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясы» бойынша Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) келіссөздер жүргізілуде. Осы жоба бойынша Ұлттық жоба аясында алдын ала ең жоғарғы лимит 73 миллиард теңге көлемінде белгіленген. Сонымен қатар, бүгін Энергетика министрлігінің өкілдері Дүниежүзілік банк өкіллдерімен кездесіп жатыр. Біз «Каспий жылу» компаниясын қаржыландыруға қатысуды ұсынып отырмыз. Қазіргі кезде олар желі бойынша қай учаскелер қаржыландырылатынын анықтап жатыр», - деді Нұрлан Болатбаев.

Ұлттық жоба аясында су бұру және сумен жабдықтау саласында «Каспий жылу, су арнасы» кәсіпорны бойынша тозу деңгейін 59%-дан 11%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 73 шақырым желіні жөндеуге 9,6 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, 2025-2029 жылдары су бұру желілерінің 110 шақырымын жөндеу жоспарлануда. Оған 13,2 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Осы шаралар арқылы 2029 жылға қарай тозу деңгейі 42%-ға дейін төмендейді. 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұловтың айтуынша, қазіргі кезде ведомство үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр.

«Бірінші бағыт – ұлттық жоба аясында Ақтау қаласындағы тозығы жеткен кәріз тазарту станциясын жаңарту. Екінші мәселе – МАЭК-тің сумен жабдықтау бөлігін жаңғырту. Үшінші бағыт – аулаішілік желілерді ауыстыру. Қазір Ақтауда халықты сумен қамтамасыз етуге су көлемі жеткілікті. Дегенмен, аулаішілік және магистральдық желілердің тозуына байланысты су жолда бөгеліп, тұтынушыға толық жетпей жатыр. Сондықтан бірінші кезектегі міндет – аулаішілік және магистральдық желілерді ауыстыру», - деді ол.