Колл-центр
1 Сәуір 2026 ж.
«Тесіктерді жамаудан» активтерді жүйелі басқаруға – Астанада сумен жабдықтау ұйымдарының форумы өтті
Қазақстанның су шаруашылығындағы желілердің тозуы жекелеген өңірлерде 60-70%-ға жетеді, ал жүйедегі су шығыны ел бойынша орта есеппен 20% деңгейінде. Сонымен қатар, тек су ғана емес, бұл саладағы жоғары білікті кадрлар да кетіп жатыр. Бұл мәселелерді шешу жолдары, сондай-ақ су сапасын арттыру шаралары туралы 1 сәуірде Астанада өткен «Сумен жабдықтау және су бұру 2030» салалық форумында талқыланды.
Форумға Қазақстандық су қауымдастығының мүшелері, сарапшылар, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнес өкілдері қатысты.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Анар Байтүкенованың айтуынша, бүгінде сумен жабдықтау және су бұру тақырыбы елдегі басым бағыттардың қатарына кіреді. Ал бұл сала қазіргі уақытта дамудың күрделі кезеңінде тұр.
«Сондай-ақ, біз судың әлеуметтік маңызы бар қызмет екенін және біздің субъектілер қатаң әлеуметтік дәліз жағдайында жұмыс істейтінін түсінеміз. Қазақстанда тарифтер ең төмен тарифтердің бірі болып қалуда. Кейбір өңірлерде біз талқылап отырған салалардағы тарифтер дүкендегі бір бөтелке минералды судан да арзан.
Біздің тарифтік реттеуші ретіндегі міндетіміз – тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделері арасында теңгерім табу.
Осы мақсатта 2024 жылдың соңында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленіп, қабылданды. Бұл арқылы біз «тесіктерді жамау» логикасынан активтерді жүйелі басқаруға көшеміз. Бұл тазарту құрылғыларына да, желілерге де қатысты», – деді Байтүкенова.
2025 жылы жұмыс төрт бағыт бойынша жүргізілді: норма шығармашылығы, қаржыландыру, инвестициялық жобалар және коммуникация. Бүгінгі таңда нормативтік-құқықтық база толық дайын, бірқатар пилоттық жобалар іске асырылып келеді. ТМРК төрағасының орынбасары ЭКСЖ электрондық платформасында бүгінде 1,2 трлн теңгеге 460 жоба бар екенін, оның шамамен 30%-ы немесе 405,3 млрд теңге сомасына 142 жоба сумен жабдықтау (84) және су бұру (58) саласына тиесілі екенін атап өтті. Оның 5-еуі қазір іске асыру сатысында, ал 30-ы дайындықтың әртүрлі кезеңдерінде және мердігерлерді анықтау бойынша конкурс рәсімдерінен өтуде. Осыған байланысты сала өкілдеріне, оның ішінде 2027 жылға арналған жобалар бойынша да, өтінімдер беру бойынша белсенділік танытуға шақырды.
Форумның басты идеясы, әр баяндама сайын қайталанып тұрған негізгі тақырыбы – реттеу парадигмасын өзгерту және цифрландыруға шақыру болды. Мәселен, ТМРК сумен жабдықтау және су бұру саласындағы басқарма басшысы Ақтөре Дидаровтың пікірінше, су шаруашылығы саласының қызметкерлері тарифті тек шығындарды жабу және жиналған мәселелерді өтемақы ретінде қарастырудан бас тартуы керек. Өйткені тарихи қалыптасқан бұл модель дамуды ынталандырмайды.
«Бұл модель қазіргі тиімдісіздікті тіркеп, оны қайта өндіреді. Бүгінде біз тариф нәтижемен тікелей байланысты болатын логикаға көшеміз.
Бұл дегеніміз, инвестициялар – тарифтегі жай цифрлар емес, нақты міндеттемелер: шығынды азайту, желілерді жаңарту, судың сапасын арттыру, экологиялық әсерді жақсарту. Тариф шығындарға емес, осы нәтижелерге жетуге бағытталады. Осылайша, кәсіпорындар жұмысының логикасы өзгереді, ақырында қаражатты игеруден көрсеткіштерді басқаруға көшеді», – деді Дидаров.
Оның айтуынша, қазіргі кезде салада едәуір ішкі резерв бар. Мәселен, ел бойынша шығындарды тіпті, 5-10%-ға азайту – ондаған миллиард теңгені үнемдейді. Бұл ірі инвестициялық жобалармен тең келетін нәтиже. Бұған жаппай автоматтандыру мен цифрландыру да септігін тигізеді.
«Су ресурстары – маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, автоматтандыру мен цифрландырудың арқасында суды орташа тұтыну көлемін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік туған. 1998 жылы Шымкенттің әрбір тұрғыны тәулігіне 450 литр «тұтынса», бүгінде бұл көрсеткіш төрт есеге - 125 литрге дейін қысқарды.
Дәл осы заманауи технологияларды енгізудің арқасында бұл кәсіпорын бүгінде саладағы озық кәсіпорындардың біріне айналып отыр. Әзірге қазақстандық су арналарының көпшілігі, сарапшылар өз сөздерінде атап өткендей, желілерді қолмен басқаруды жалғастырып келеді. Сондықтан мәселелердің алдын алумен емес, салдарын жоюмен айналысуда.
Су шаруашылығы мамандарының алдында бизнес-қоғамдастық пен ІТ-сектор өкілдері сөз сөйлеп, түрлі технологиялық шешімдерді ұсынды.