Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру қарқын алуда: бірыңғай түбіртек, ЖИ-мониторинг және сатып алудың ашықтығы

20 Наурыз 2026 ж.

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру қарқын алуда: бірыңғай түбіртек, ЖИ-мониторинг және сатып алудың ашықтығы

ЭКСЖ, цифрландыру, Дүбірова, Қоғамдық кеңес - МЭКС

Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның (ЭКСЖ) іске асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландырудың аралық нәтижелері, инфрақұрылымды жаңарту барысы және саланы одан әрі дамыту жоспарлары қаралды. Негізгі назар салада бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыруға, Smart Turmys платформасын іске қосуға, бірыңғай төлем құжатын енгізуге, сондай-ақ ресурстардың көзден тұтынушыға дейінгі шығындарын бақылау жүйелерін дамытуға және сатып алуды цифрлық бақылауға аударылды.

Жиында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова баяндама жасады. Саланың цифрлық трансформациясы екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда: ресурстарды өндіруден бастап түпкілікті тұтынуға дейінгі бірыңғай есепке алу жүйесін құру және ЭКСЖ платформасы арқылы сатып алу қызметін автоматтандыру.

Бірінші бағыт аясында жылу электр орталықтарынан, инженерлік желілерден және тұрғын үй қорынан келіп түсетін деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіретін шешімдер енгізілуде. Жасанды интеллект негізіндегі талдау өндірілген және төленген ресурстар көлемін салыстырып, жасырын шығындарды анықтауға және нормадан тыс шығындарды тіркеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылу желілерін автоматтандыру бойынша шешімдер енгізілуде. Бұл нақты уақыт режимінде қысым, температура және инфрақұрылымның техникалық жай-күйін бақылап, ауытқуларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Халық үшін цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі – бірыңғай төлем құжатын енгізу. Барлық төлемдерді бір цифрлық түбіртекке біріктіру және абоненттердің расталған бірыңғай базасын қалыптастыру қателіктерді азайтып, есеп айырысудың ашықтығын арттырады.

Отырыста сатып алу жүйесін цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әкімшісі «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС болып табылатын ЭКСЖ платформасы 2025 жылдан бері жұмыс істеп келеді және жобаларды нақты уақыт режимінде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. 18 наурыздағы жағдай бойынша жүйеде жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 445 жоба бар. Оның ішінде 34 жоба іске асырылу кезеңінде, 177 жоба іске қосуға дайын, ал 96 жоба пысықтауға жіберілген.

Платформа сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етіп, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда жүйеге 172 қазақстандық кәсіпорын интеграцияланған, бұл тиімсіз делдалдардың қатысуын азайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық жоба аясында сатып алынатын өнімдердің негізгі бағыттары айқындалды. Олардың қатарында сорғы және трансформаторлық жабдықтар, есептеу құралдары, кабель өнімдері және әртүрлі құбыр түрлері бар. Сарапшылардың бағалауынша, бұл өнімдер Қазақстанда өндіріледі және кәсіпорындардың өндіріс көлемін арттыру әлеуеті бар.

Сондай-ақ отырыста халықпен кері байланыс құралы ретінде ЭКСЖ байланыс орталығының жұмысы қаралды. 2025 жылдың күзінде іске қосылғаннан бері жүйеде 1000-нан астам пайдаланушы тіркелген. Ал 2026 жылдың үш айына жетпейтін уақытта өтініштер саны өткен жылдың көрсеткішінен шамамен үш есеге жуық артты. Наурыз айының алғашқы жартысында ғана 200-ден астам өтініш тіркелген.

Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар жүйелі мәселелерді көтерді. Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева деректердің ашықтығы, киберқауіпсіздік және әртүрлі цифрлық шешімдерді бірыңғай жүйеге біріктіру қажеттілігіне тоқталды. Қоғам қайраткері Петр Своик тұрғын үй-коммуналдық салада есепке алу құралдарын дамыту және инфрақұрылымды түгендеудің маңыздылығын атап өтті. Деректердің ашықтығы, үдерістерді автоматтандыру және адам факторын азайту саланы тиімді басқарудың негізгі шарттары екені атап өтілді.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсынылған ақпарат назарға алынды. Бірқатар мәселелер қосымша пысықтауды талап ететіні айтылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру мәселесі келесі отырыста, мамыр айында, тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен қайта қаралатын болады.

Анықтама: Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба 2029 жылға дейін іске асырылады. Жобаның мақсаты – коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету және апаттылықты 20%-ға қысқарту.