Атырау облысында 190 мың тұтынушыға «ақылды» есептегіш орнатылады

Атырау Жарық, электр желілері, жаңғырту, ақылды есептегіштер, ұлттық жоба, жаңғырту, - МЭКС

Атырау облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыру жұмыстары цифрлық технологияларды енгізумен қатар жалғасуда. Таяу жылдары «Атырау Жарық» ЖШС үйлерге электр қуатын дәл есептейтін ақылды есептегіштер орнатып, қосалқы станцияларды заманауи басқару жүйесіне көшірмек. 

Ақылды есептегіштер қашан орнатылады?

Ауқымды Ұлттық жоба аясында жаңартылған электр желілері бар аумақтардағы үйлерге смарт-есептегіштер қойылады. Биыл 10,5 мың есептегіш орнатылады. Келесі жылы бұл көрсеткіш 5 есеге артады. Барлығы 4 жыл ішінде облыстағы 190 мыңға жуық абонент толықтай смарт-жүйеге көшіріледі.

Тұтынушыға берер пайдасы және нәтижесі қандай болмақ?

• Автоматты көрсеткіш жіберу: есептегішке қарап, көрсеткішті жазып, мекемеге хабарласудың қажеті жоқ. Деректер орталық базаға өздігінен жіберіледі.

• Ақауды тез анықтау: кернеу төмендесе немесе тоқ өшсе, есептегіш диспетчерге бірден сигнал береді. Апат орны экраннан бірден көрінеді.

• Дәлдік: адам факторы жойылады, есептеу қатесі болмайды, электр энергиясының шығыны азаяды.

Дәйексөз: 

«Иә, цифрландыру – заман талабы. Биылдың өзінде  «ақылды» есептегішті қоюды бастаймыз. Ал келесі жылы бұл көрсеткішті 5 есеге дейін арттырамыз. Бұрынғыдай ай сайын есептегішке қарап, көрсеткішті жазып алып, мекемеге хабарласудың немесе контроллер күтудің қажеті болмайды. Адам факторы жойылғандықтан, есептеуде ешқандай қателік кетпейді», – деді «Атырау Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Губашев. 

Қосалқы станциялар қалай цифрландырылады?

110/35 кВ қуатындағы 16 ірі қосалқы станцияға SCADA сандық жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе электр жабдықтарының жұмысын нақты уақытта бақылауға, оларды қашықтан басқаруға және деректерді жинауға мүмкіндік береді. Диспетчер жүктеменің қай жерде артып жатқанын экраннан бірден көріп, апаттың алдын алу үшін жедел шешім қабылдай алады.

Жоба қалай қаржыландырылады?

«Атырау Жарық» жаңғырту жұмыстарын екінші деңгейлі банктерден коммерциялық несие алу арқылы қаржыландырады. Халыққа тарифтік ауыртпалық түспейді. Мемлекет несиенің пайыздық мөлшерлемесін ішінара субсидиялайды: несие пайызы жылына 10 пайыздан асса, артық бөлігін мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. 

Фото: Жасанды интеллект

Жазылыңыз МЭКС-тің ресми Telegram арнасына