ЭКСЖ электронды платформасында 1000-нан астам тапсырыс орналастырылды
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының сатып алу платформасында тауар жеткізуге 1 000-нан астам тапсырыс қалыптасып үлгерді. Отандық өндірушілер жобалардың қажеттіліктерін алдын ала біліп, сатып алу шараларына қатыса алады.
meks.zakup.sk.kz электронды порталы ЭКСЖ жобалары бойынша сатып алу рәсімдерін өткізу үшін құрылған. Платформа әкімшісі – «Самұрық-Қазына Контракт» АҚ.
Платформада су, жылу және электрмен жабдықтау, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды салу мен жаңғырту жобаларына арналған тапсырыстар орналастырылады. Қазақстандық тауар өндірушілерден тауар сатып алуға арналған бөлек модуль де қарастырылған.
Кәсіпкерлер атқарылып жатқан жобаларға қандай өнімдер қажет екенін алдын ала көріп, сатып алуға тікелей қатыса алады.
Тауар өндіруші қалай қатыса алады?
Платформада жұмысты бастау үшін тіркеліп, ұйым туралы ақпаратты толтыру қажет. Содан кейін Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі мәртебеңізді тексеріп, ұсынылған өнімнің бекітілген талаптарға сай екеніне көз жеткізу керек.
Маңызды кезең – өнім кодтарын СҚҚК-3 бойынша тексеру. Тауардың атауы мен оған сәйкес коды сатып алуда көрсетілген деректермен сәйкес келуі тиіс.
Осыдан кейін өндіруші жарияланған тапсырыстарды бақылап, лайықты позицияларды таба алады, сондай-ақ баға ұсыныстарын қалыптастырып, өтінім бере алады.
Басты кеңес – белгілі бір тапсырыстың шығуын күтіп отырмай, өз бетінше белсенді әрекет ету.
Платформамен жұмыс істеу кезеңдері
- Тіркелу
- Қатысушы профилін толтыру
- ҚТӨ мәртебесін және өнім кодтарын тексеру
- Өтінім беру
- Сатып алу мәртебесін және нәтижелерін бақылау
- Шарт жасасу бойынша әрекеттер
«Энергетикалық және коммуналдық саланы жаңғырту» ұлттық жобасы 2029 жылға дейін жалғасады. Инфрақұрылым толықтай жаңаратындықтан, құрал-жабдықтар да ауыстырылады. Бұл кәсіпкерлерге алдағы жылдары қандай бөлшектер мен қосалқы бұйымдарға сұраныс болатынын алдын ала білуге мүмкіндік береді. Соның арқасында бизнес иелері сұранысты алдын ала бағамдап, отандық тауарларды жеткізуді ерте бастан жоспарлай алады.
Фото: ortcom.kz