Колл-центр
19 Қыркүйек 2025 ж.
Ұлттық жобаны іске асыру үшін 25 нормативтік-құқықтық акті әзірленді
Бұл туралы Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында өткен конференция барысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.
Ол былтыр желтоқсан айында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (ЭКСЖ) бекіткенін еске салды.
Ұлттық жоба келесідей негізгі міндеттерді қамтиды:
- коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында инженерлік желілердің тозуын және апаттылығын төмендету;
- электр және жылу энергиясы тапшылығын болдырмау үшін жаңа генерация көздерін жаңғырту және салу.
«Осы міндеттерді шешу үшін қаржы институттарымен, оның ішінде халықаралық институттармен кездесулер өткізілді. Олардың қорытындысы бойынша қаржыландыру тетіктері әзірленді, онда кепілдендірілген тариф есебінен қаражаттың қайтарылуы көзделген», - деп атап өтті вице-министр.
Ұлттық жобада импортқа тәуелділікті төмендету және жаңа жұмыс орындарын құру үшін отандық өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударылды.
Ұлттық жобаны заңнамалық тұрғыдан іске асыру үшін 17 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының астанасын және республикалық маңызы бар қалаларын дамыту, ұлттық жобалар, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, ол 29 шілдеде күшіне енді.
25 заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт әзірленді, оның ішінде қазіргі уақытта 22 акт (ӨҚМ – 11, ҰЭМ – 5, ЭМ – 6) қабылданды, 3 акт (ӨҚМ – 1, ҰЭМ – 2) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.