10 Қазан 2025 ж.
Табиғи монополиялар субъектілерінің 70 пайызы мемлекеттік меншікте

Жаңа Бюджет кодексі аясында әкімдіктердің жұмысы жанданып келеді. Олар бюджет қаражатын үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында жаңғырту ісіне ерекше назар аударуда.
Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың мәліметінше, «Энергетикалық және коммуналдық желілерді жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 200-ден астам табиғи монополия субъектісі (ТМС) қамтылған, олардың 70%-ы мемлекеттік, 30%-ы жеке субъекті.
Барлығы Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қала типіне қарай төрт санатқа бөлінеді. Барлығы 12-13 млн адамды немесе 57 қаланы қамтиды.
«ЭКСЖ аясындағы кәсіпорындардың 75%-ға жуығы – коммуналдық кәсіпорындар, әкімдіктердің немесе квазимемлекеттік субъектілердің ведомствоға қарасты кәсіпорындары. Әкімдіктер үшін арнайы белгілі бір тетік жасалды. Бұл заңнамалық нормаларда қарастырылған. Бюджет кодексінде бағалы қағаздар шығару арқылы қарызға ақша тарту мүмкіндігі қарастырылған», – деді ол.
Қазірдің өзінде төрт өңір 50 миллиард теңгеге жуық қаражат тартты.
«Әкімдіктер ақша санауды өте жақсы біледі. Сәйкесінше, қазір біз әкімдіктердің бұл бағдарламаларға ерекше қызығушылық танытып отырғанын байқадық. Өйткені олар бюджеттен түсетін тиын-тебеннің қысқаратынын түсінеді. Қазір жаңа Бюджет кодексі қабылданды, оның аясында өңірлер мен республикалық бағдарламаларды қаржыландыру тетігі өзгеруде. Бұл жерде жергілікті бюджет шығындарына қатаң көзқарас қолданылады. Сәйкесінше, өзгерістерді және тиімді механизмді дер кезінде түсінген әкімдіктер уақыт жоғалтпай, оны пысықтай бастады. Бүгінгі таңда төрт өңір қаражат тартқан», - деді Асан Дарбаев.
Бұл осы өңірлерде инфрақұрылымды жаңғырту бойынша толық ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Жеке компаниялар ең алдымен «Қазақстанның Даму Банкінің» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, ЭКСЖ жобасының қаржы операторы) мүмкіндіктеріне бағдарланатын болады. Банк нарықтық шарттарды, оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау механизмін ұсынады.
Бұдан басқа, Ұлттық жобаға халықаралық қаржы ұйымдары қызығушылық танытуда.