Колл-центр
20 Мамыр 2026 ж.
Степногорск қаласының басты жылу магистралі ЭКСЖ аясында жөнделеді
Өткен жылыту маусымында ғана Степногорск қаласының басты жылу магистралінде 72 апат болды. Қалаға жылу жеткізетін бұл құбырлар сонау 1973 жылы іске қосылған, сондықтан оларды ауыстыру қажеттілігі әлдеқашан туындаған. Дегенмен, 2026 жылға дейін мұнда тек «апат салдарын тез арада ретке келтірумен» ғана шектеліп, тесілген жерлерді жамап-жасқап келді. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, «ЖЭО-Қала» жылу желісінің 70,3 пайызы тозған.
Не болып жатыр?
ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында жылу магистралі ақыры жаңартылатын болды. Бұл Степногорск тұрғындары үшін коммуналдық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, жылу магистралін қайта құру жобасы 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазірдің өзінде құбыр жеткізуге қатысты келісімшарттар ресімделіп, қосалқы мердігерлермен шарттар жасалып жатыр. Жуырда жұмысшылар ескі құбырларды бұзуды (демонтаж жасауды) бастайды.
Жөндеудің бірінші кезеңі биыл1 қыркүйекте, ал екінші кезеңі 2027 жылдың 1 қыркүйегінде аяқталады.
Кім не деді?
«Жұмыстарды жүргізу кезінде отандық өндірушілердің материалдары қолданылады. Бұл алдын ала оқшауланған болат құбырлар, бұрылыстар, тіректер, тармақтар, арматура мен металл бұйымдары, темірбетон өнімдері және т.б. Барлығы 36 түрлі материал пайдаланылады», – деді мердігер ұйым «РемЭнергоМаш» ЖШС директоры Андрей Тишков.
«Жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр және биыл 1 қыркүйекке дейін орындалады», – деп сендірді «Степногорск Теплотранзит» ЖШС директоры Егор Лысенко.
Сандар не дейді?
1-ші кезеңде 4,823 шақырым (км) жылу магистралі ауыстырылады.
2-ші кезеңде 4,673 шақырым (км) жылу магистралі ауыстырылады.
Жоба «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» тарапынан пайыздық мөлшерлемені ішінара субсидиялаумен ТМС қарызы есебінен іске асырылады.
Жобаға құйылатын инвестиция көлемі 5,8 миллиард теңге.
Қорытынды:
Жоба аяқталған кезде 20 431 абонент, соның ішінде 288 көпқабатты үй, 14 жеке үй және 154 басқа да ғимарат сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, 25 уақытша және 30 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жөндеу жұмыстарынан кейін «ЖЭО-Қала» жылу желісі негізгі құбырының тозу деңгейі 20,8%-ға төмендейді.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.