Қаз

10 Қыркүйек 2025 ж.

Қазақстанның энергетикасы 2035 жылға қарай 26 ГВт қосымша қуат енгізеді

Бұл туралы Үкімет отырысы барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Отырыс Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларға арналды.

«Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел халқы мен кәсіпорындарын сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуі жаңа қуаттарды іске қосуды және қолданыстағы станцияларды жаңғыртуды талап етеді. Тапшылықты жабу және экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін Министрлік 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуды көздейтін Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұл экономика мен халықтың электр энергиясына деген қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Президенттің Жолдауда айтылған тапсырмаларын орындау үшін, жаһандық декарбонизация үрдісін және ұлттық көміртек ізі азайту бағытын ескере отырып, Қазақстан «таза көмір» технологияларын таңдағанын айтты.

«33,6 млрд тонна энергетикалық көмірдің расталған орасан зор қоры барда көмірде жұмыс істейтін энергия көздерінен толық бас тарту тиімсіз. Осыған байланысты жаңа көмір станцияларын салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған көмір станцияларын жаңғырту экологияға барынша аз әсер ете отырып, экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін таза көмір технологияларына негізделетін болады», - деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жүзеге асырылатын ЖЭО, сондай-ақ Курчатов және Екібастұз қалаларындағы ірі электр станциялары осындай жобалардың сәтті үлгісі саналады. 

«Бұдан басқа, алдағы бес жылда көлемі кемінде 6,3 гигаватт болатын жаңартылатын энергияның қосымша қуатын іске қосу жоспарлануда. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру тұрақты бақылауда», - деді Энергетика министрлігінің басшысы.