Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

7 Қараша 2025 ж.

Қазақстандықтар ауыз су туралы мәліметтерді SMART-TURMYS платформасынан біле алады

ауыз су, смарт тұрмыс, жаңғырту, ұлттық жоба, ЭКСЖ, - МЭКС

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін қалалар мен ауылдардың тұрғындарын 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай ҚР Премьер-министрінің атына жолдаған сауалында ерекше атап өтті. 

Оның сөзінше, ауыз су мәселесіне қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәліметтерді әкімдіктердің сайтына жариялап отыру қажет. 

«Біріншіден біздің қолымызға түскен сусыз отырған 18 қала мен 469 ауылдық елді мекендерге су тарту мәселесі қашан қолға алынатындығын нақтылап алсақ. Осыған сай атқарылып жатқан жұмыстар бойынша олардың қай мерзімде және қандай жолмен су құбырына қосылатыны көрсетілген нақты жол картасын ұсынуыңызды сұраймыз. Оларды ашық дереккөздерге жариялап, әкімдіктердің сайттарына орналастыру керек.

Екіншіден, тұрғындар үшін интерактивті кері байланыс жүйесін – жергілікті әкімдік бес жұмыс күні ішінде жауап беруді міндеттей отырып, су жоқ жерде шағымдар, фотосуреттер мен геотегтер үшін сенім телефоны, чат-ботты қолдау қажет деп санаймыз», - деді депутат.

Оның пайымтауынша, үшіншіден, тоқсан сайын жергілікті депутаттардың, ауыл тұрғындарының, мердігерлердің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізіп, әр аудандағы жұмыстың барысы мен проблемаларын талқылау қажет. Оны халықтың да қадағалауы арқылы екі жақты бақылау орнатып, есеп беріп отыруы керек.

Сауалға жауап ретінде Премьер-министр «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін автоматтандыру және цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. 

«Коммуналдық қызметтер, оның ішінде ауыз су және су бұру саласындағы деректерді біріктіретін SMART-TURMYS электрондық платформасы әзірленуде. Осы платформа арқылы тұтынушыларға жеке кабинетке кіруге мүмкіндік туады, төлемдерді бақылау және қызмет көрсетудегі ақаулар туралы ақпарат беру мүмкіндігі болады», - деп хабарлады Премьер-министр.

Сондай-ақ су арналары мен мемлекеттік органдарда жедел ақпарат алу және азаматтардың ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштерін қабылдау үшін телефондар жұмыс істейді. Кері байланыстың қосымша тетігі ретінде әлеуметтік желілердегі ресми ресурстар белсенді қолданылады.

«Жергілікті атқарушы органдар жанындағы қоғамдық кеңестер аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесіп халықпен тұрақты түрде кездеседі және мониторинг жүргізеді. Су кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар кемінде он жыл мерзімге ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеуде», - деді Олжас Бектенов.

Жүйелердің техникалық жағдайын бағалау және жұмыстарды жүйе ету мақсатында техникалық аудит жүргізіледі.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның минималды стандарттарына сәйкес, халқы 200 адамнан асатын елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал халқы 200 адамнан аз елді мекендерге су тасымалдау, тарату пункттері немесе блок-модульдер арқылы жеткізіледі.