Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Жасанды интеллект ТКШ саласындағы апаттарды болжауға және шығындарды бақылауға көмектеседі

28 Қаңтар 2026 ж.

Жасанды интеллект ТКШ саласындағы апаттарды болжауға және шығындарды бақылауға көмектеседі

жасанды интеллект, ұлттық жоба, инфрақұрылым, ЭКСЖ, жаңғырту, - МЭКС

ЭКСЖ бойынша Қоғамдық кеңес отырысында бірыңғай деректер платформасы негізінде ТКШ саласында ұлттық салалық жасанды интеллект құру мәселесі талқыланды. Бұл жоба коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың тиімділігін арттыруға және саланы алдын ала әрекет етуге негізделген басқару моделіне көшіруге бағытталған.

«ТКШ ҚазОрталығы» талдау және орнықты даму қызметінің басшысы Гүлвира Әбетованың айтуынша, ТКШ саласына арналған ұлттық деректер платформасын құру және салалық жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізу тек орталықтандырылған, стандартталған және біріктірілген деректер арқылы жүзеге асыруға болады. Оның пайымдауынша, ақпаратты жинау мен өңдеуге арналған бірыңғай тәсіл саланың цифрлық трансформациясының іргетасына айналуы тиіс.

Платформа ТКШ жүйесіндегі барлық қатысушыны біріктіреді деген болжам бар. Олардың қатарында тұтынушылар мен бірыңғай есеп айырысу орталықтары, МИБ мен ПИК, басқарушы компаниялар, сондай-ақ есептеу аспаптары мен мониторинг жүйелерінің деректері, тарифтер туралы мәліметтер, шоттардың жай-күйі мен берешек қарыздар жөніндегі ақпарат болады. Платформаны қалыптастыру кезінде инженерлік жүйелердің сапалық және сандық сипаттамаларына ерекше назар аудару қажет. Нысандардың техникалық жағдайы, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы тек өзекті әрі сенімді деректерге негізделуі тиіс.

Қоғамдық кеңес қатысушылары басым бағыттарды айқындады: ғимараттарды пайдалану, нысандардың техникалық жай-күйін есепке алу, қаржылық есептеулер және тариф белгілеу, сервистік қызмет көрсету және жүйелі импортты алмастыру бойынша шараларды әзірлеу, жөндеу мен жаңғыртуды жүргізу мониторингі, есептеу құралдары бойынша ресурстар мен деректерді есепке алу, құжат айналымы, сандық мәліметтерді сақтай отырып, мердігерлердің мониторингі мен бақылауы.

ТКШ саласында деректерге сүйенетін жасанды интеллект ең алдымен апаттардың алдын алу үшін болжам жасауға, ауыз судың сапасын бақылауға, су мен энергияның ысырабын анықтауға, жүктемені тиімді басқаруға, сондай-ақ жөндеу және жаңғырту бағдарламаларын бірізді әрі үйлесімді іске асыруға қолданылуы қажет.

Қатысушылардың пайымдауынша, Ұлттық жобаны іске асыру саланың апаттық жағдайларға жауап беруден оларды алдын ала болжау және болдырмау тәсіліне біртіндеп көшуіне мүмкіндік береді. Бюджет шығындарын оңтайландыру салынған қаражаттың қайтарымын бақылауға, сондай-ақ қаржылық тәуекелдер мен тиімсіз шығындарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда деректерді техникалық операторға беру тәртібі айқындалған. Қазіргі кезде ТКШ жүйесіндегі барлық қатысушыға бір мезгілде қолданылатын бірыңғай талаптарды енгізу үшін нормативтік-құқықтық актілер мен салалық заңдарды әзірлеу және жаңарту жұмыстары жоспарланған. 

Отырысқа қатысушылар сондай-ақ шетелдік цифрлық платформалар мен технологияларға тәуелділікті төмендету үшін отандық бағдарламалық шешімдерді дамыту қажет екенін айтты. 

Жиынға қатысушылар талқылау барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй қатынастары саласы үшін деректер жинау жөніндегі бірыңғай тұғырнама Қазақстанның цифрлық егемендігінің элементіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Мұндай тәсіл жаңа технологиялық нарықты қалыптастыруға және ТКШ саласында ел ішінде цифрлық индустрияны дамытуға негіз болады.

Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес ұлттық платформаны құру ұсынысын қолдап, ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру үшін негізгі міндеттерді анықтады. Оларға бюджет шығындарын азайту, Ұлттық жоба аясындағы шығындардың тиімділігін бақылау, тариф қалыптастырудың ашықтығын арттыру және инфрақұрылымдық тәуекелдерді болжау кіреді. Деректерді стандарттау салалық жасанды интеллектінің тиімді жұмыс істеуінің негізін қалыптастырады, ал кейін жүйенің барлық пайдаланушыларына қолжетімді болады. Бұл Қазақстанда жаңа нарық қалыптастыруға және цифрлық индустрияны нығайтуға жол ашады.