Колл-центр
17 Қыркүйек 2025 ж.
Жаңғырту жобаларын іске асыру барысында ашықтықты қандай электрондық платформалар қамтамасыз етеді?
Бұл ЭКСЖ ұлттық жобасы аясындағы сатып алудың электрондық платформасы және SMART TURMYS жүйесі.
Қазақстанда 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «кілтпен тапсыру» қағидаты негізінде келісімшарттарды жүзеге асыратын бірыңғай цифрлық платформа құрылуда.
ЭКСЖ шеңберіндегі барлық жоба туралы ақпарат – жоспарлаудан бастап қаражаттың мақсатты пайдаланылуына дейін – электрондық платформаларда ашық түрде көрсетіледі.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, ЭКСЖ жобасын цифрландыру аясында екі негізгі бағыт іске асырылуда. Олар процестердің ашықтығын, жұмыстың уақытылы іске асырылуы мен сапасын бақылауға, сондай-ақ барлық қатысушылар үшін ыңғайлы болуға мүмкіндік береді.
Бірінші бағыт – Ұлттық жоба аясындағы сатып алулардың электрондық платформасы. Бұл платформа табиғи монополия субъектілерінің жобаларын іріктеуді, қаржыландыру көздерін айқындауды және тарифтерді алдын ала мақұлдауға бағытталған.
Ол жобаларды іріктеуді, қаржыландыру көздерін анықтауды және тарифтерді алдын ала бекітуді, EPC-мердігерлерді «толық дайын» форматта таңдау үшін екі кезеңдік конкурстық рәсімдерді, ақпараттық жүйелермен интеграциялауды, (сметалық деректерді алу үшін «Мемсараптама» РМК ЖСҚ техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалау-сметалық құжаттамасына сараптама жүргізуге арналған ақпараттық жүйе), офтейк-келісімшарттар жасасуды, сондай-ақ жобаларды іске асыруды дайындау сатысына мониторинг жүргізуді, оның ішінде отандық тауарлардың қолданылуын бақылауды қамтиды.
«Электрондық платформаның барлық модулі бойынша ереже жобалары әзірленді. Бизнес процестер, интерфейс дизайны және бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар қалыптастырылуда», - деп түсіндірді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров.
Сонымен қатар, платформа арқылы инвестициялық жобаларды іске асырудың ашықтығы қамтамасыз етіледі – жоспарлаудан бастап оларды аяқтауға дейін, оның ішінде қаражатты мақсатты түрде пайдалану да ашық көрсетіледі.
«Екінші бағыт – Smart TURMYS тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ақпараттық жүйесін (ТКШ АЖ) құру. Ол абоненттер мен жылжымайтын мүлік нысандарының бірыңғай базасын, коммуналдық төлемдерді есепке алуды, EGOV Mobile арқылы есептегіштердің көрсеткіштерін жинауды, азаматтың және табиғи монополиялар субъектілерінің жеке кабинетін, iQala және Е-ПИК ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды, сондай-ақ табиғи монополиялардың өңірлік субъектілерінен деректер жинауды қамтамасыз етеді», - деп нақтылады ол.
Осы цифрлық құралдарды іске асыру жедел шешім қабылдауды арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және қаражаттың қайда жұмсалғанын ашық көрсетуге мүмкіндік береді.
Келешекте мобильді қосымша құру жоспарлануда. Қосымша арқылы тұтынушылар ТМС-нен алынған қызметтер көлемін, тарифтерді және басқа да маңызды ақпаратты онлайн-режимде көре алады.