Қаз

27 August, 2025

Энергия өндіруші ұйымдар газ үшін 18 млрд теңгеге жуық қарыз болды

Бұл туралы Үкімет отырысында алдағы жылу маусымына дайындық, энергия көздерінің, жылу желілерінің дайындығы және көмірмен қамтамасыз ету туралы баяндай отырып, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

«Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін несие берешегінің едәуір көп болуы маңызды мәселеге айналып отыр. Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 17,8 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында 94 млн теңге көлемінде берешегі бар», - деді ол.

2025 жылы 323 км жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу үшін 129,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде: 104,2 млрд теңге бюджет қаражаты және кәсіпорындардың тарифтік сметасы шеңберінде 25,2 млрд теңге.

«Бүгінгі таңда 66%-ы орындалды. Әкімдіктерге басталған жұмыстарды жылыту кезеңі басталғанға дейін аяқтауды тапсыруды сұраймыз», - деді министр премьерге.

«Көмір өндіруші кәсіпорындар биылғы 7 айда 61,4 млн тонна көмір өндірді, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 2,2 млн тонна, энергетикалық кешендерге 37,4 млн тонна, өнеркәсіп кәсіпорындарына 1,6 млн тонна жөнелтілді, экспортқа 18,2 млн тонна жіберілді. Барлық өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді Ерлан Ақкенженов.

Көмірмен қамтамасыз етуге келетін болсақ, нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, халық пен бюджеттік ұйымдардың көмірге қажеттілігін қалыптастыру жөніндегі жоспарды орындау әкімдіктерге жүктелді. Мәселен, алдағы жылыту маусымында көмір өніміне қажеттілік шамамен 7,7 млн тоннаны құрайды.

Бүгінгі таңда шамамен 2,2 млн тонна жеткізілді, бұл жылдық жоспардың 29%-ы ғана.

«Әкімдіктердің мәліметінше, оны өткізу орындарындағы көмірдің жалпы қоры 434 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар миничтр өз сөзінде әкімдіктерде қорларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілмейтінін, дегенмен, қазір өңірлердің көмірді алдын ала дайындауы бойынша белсенді кезең жүруде. Сондай-ақ барлық өңірдің әкімдігі қорларды ұлғайту жұмыстарын әрі қарай жалғастыруы қажет», - деді Энергетика министрі.

Жалпы, көмір өндіруші кәсіпорындар мен ҚТЖ жоспар бойынша өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын.

Ол сондай-ақ премьер-министрдің алдағы жылыту кезеңінде электр энергиясы тапшылығының артуы жөніндегі сарапшылардың болжамына қатысты қандай шаралар қабылданатыны туралы сұрағына жауап берді.

«Болжамды есептеулер бойынша биыл электр энергиясын максималды тұтыну 17,6 гигаватт деңгейінде күтіледі, бұл былтырғы деңгейден 400 мегаватқа артық. Жабуға «БТЭС-Топар», Текелі ЖЭО-нан жаңа қуат және жаңартылатын энергия көздерінің нысандары, 621 мегаватт енгізуді ескере отырып, елдің барлық электр станциясы тартылатын болады. Қазіргі уақытта электр энергиясының тапшылығы сезілуде. Қажет болған жағдайда біз қамту жоспарын жүзеге асырамыз», - деп түсіндірді ол.