Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 625 млрд теңгеге 318 жоба мақұлданды
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 47 коммуналдық кәсіпорынның жалпы сомасы 625 млрд теңгені құрайтын 318 жобасын қаржыландыру мақұлданды. Мұнда еліміздің өңірлеріндегі жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жаңарту туралы сөз болып отыр.
Бұл ретте, 625 млрд теңге – республикалық бюджеттің тікелей шығындары емес. Қаражаттың басым бөлігі Қазақстан даму банкі, екінші деңгейдегі банктер, халықаралық қаржы ұйымдары арқылы, сондай-ақ әкімдіктердің облигацияларын шығару есебінен тартылуда. Республикалық бюджеттен 50 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие қарастырылған. Бұл қаражат нарықтан тағы 150 млрд теңге тарту үшін пайдаланылады, соның арқасында өңірлерді қаржыландырудың жалпы көлемі 200 млрд теңгеге жетуі мүмкін, ал олар үшін пайыздық мөлшерлеме 19%-дан 13%-ға дейін төмендейді.
Қазақстан даму банкі арқылы 51,9 млрд теңгеге, екінші деңгейдегі банктер арқылы 211,6 млрд теңгеге жобалар мақұлданды, халықаралық қаржы ұйымдары 233,9 млрд теңгеге жобаларды қаржыландырады. Тағы 127,6 млрд теңге Қазақстан Тұрғын Үй компаниясы арқылы әкімдіктердің жобаларына бағытталды.
Осы механизм бойынша әкімдіктер мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды жаңғырту жобаларын ұсынды. Қаржыландыруды 16 өңір алып үлгерді. Ұлытау облысы мен Шымкентте жобалар әзірге дайындық сатысында, ал Қызылорда облысы мен Алматыда жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр.
Жыл соңына дейін өңірлерді қаржыландыру жалғасады. Бұл ретте бірқатар облыс қаражатты алып, жобаларды іске асыруға кірісу үшін облигациялар шығаруды аяқтап, мәслихат сессияларын өткізуі тиіс.
Фото: жасанды интеллект