Ұлттық жоба отандық өнімдерге 2 трлн теңгеге жуық сұраныс тудырады
Коммуналдық инфрақұрылымды кең көлемде жаңарту қазақстандық өнеркәсіп үшін де серпін болады. 2029 жылға дейін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында отандық өндірушілердің өніміне сұраныс шамамен 2 трлн теңгеге жетеді. Тек алдағы екі жылда ғана жобаларды іске асыру үшін 900 млрд теңгеден астам материал мен жабдық қажет болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері айтты.
Ең көп сатып алу электрмен жабдықтау саласындағы жобаларға тиесілі болады – 341,6 млрд теңге. Жылумен қамтамасыз етуге тағы 232 млрд теңге, сумен жабдықтауға – 197,5 млрд теңге, ал су бұруға 177,8 млрд теңге жұмсалады. Сөз құбырлар, кабельдер, іске қосу-реттеу арматурасы, темірбетон бұйымдары және қазақстандық кәсіпорындар шығаратын басқа да өнімдер туралы болып отыр.
Осы сұранысты нақ отандық өндірушілер алуы үшін Ұлттық жоба бойынша сатып алулар электрондық платформа арқылы, қазақстандық өнімге басымдық беріле отырып жүргізіледі. Бүгінде тізілімге 14 мыңнан астам тауар түрін шығаратын шамамен 500 кәсіпорын енгізілген. Алғашқы сатып алулар да өтті. Материалдар, атап айтқанда, Семейдегі жылу желілерін қайта жаңғырту мен Екібастұздағы жылу магистралін салу үшін сатып алынып жатыр.