25 August, 2025
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту аясында отандық өндірушілерді қолдау экономиканы дамытуға бағытталған

Ұлттық жоба аясында жалпы құны 2,24 триллион теңгені құрайтын 2786 өнім атауына талдау жүргізіліп, өңірлер мен лицензиялар бойынша 669 ЕРС-мердігер анықталды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Энергетика және коммуналдық саланы жаңғырту» Ұлттық жобасын жүзеге асыруға арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді.
«Ұлттық жоба аясында отандық тауар өндірушілерді қолдауға және отандық тауарларды, өнімдерді сатып алу үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Тауар позициялары мен EPC-мердігерлерге ауқымды талдау жүргізілді. Жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге 2 786 тауар позициясы анықталды. Өңірлер және лицензиялар бойынша 669 EPC-мердігер анықталды», - деді ол.
Сатып алу көлемі сала бойынша келесідей бөлінеді:
· жылумен жабдықтау – 1 665,4 млрд теңгеге 1 559 нысан;
· сумен жабдықтау – 354,7 млрд теңгеге 341 нысан;
· су бұру – 128,3 млрд теңгеге 444 нысан;
· электрмен жабдықтау – 91,6 млрд теңгеге 442 нысан.
Осы қажеттілікті жабатын 220 отандық тауар өндірушілердің пулы құрылды. Сонымен қатар спикер атап өткендей, Ұлттық жобаны тиімді іске асырудың негізгі құралы цифрландыру. Цифрландыру аясында екі негізгі бағыт іске асырылып жатыр.
«Біріншісі – жобаларды іріктеуді, қаржыландыру көздерін айқындауды және тарифтерді алдын ала бекітуді, ЕРС-мердігерлерді таңдау үшін екі кезеңдік конкурстық рәсімдерді, ақпараттық жүйелермен интеграциялауды, оффтейк-келісімшарттар жасасуды, сондай-ақ отандық тауарлардың қолданылуын бақылауды қоса алғанда, жобаларды дайындау және іске асыру кезеңдерінің мониторингін қамтитын ұлттық жобаны сатып алудың электрондық платформасы», – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, электрондық платформаның барлық модулі бойынша ереже жобалары әзірленіп, бизнес-процестер, интерфейс дизайны және бағдарламалық жасақтамаға қойылатын талаптар қалыптасуда.
Сұрақтардың екінші бөлігі «SMART TURMYS» ақпараттық жүйесінің дамуымен байланысты. Оған абоненттер мен жылжымайтын мүлік объектілерінің бірыңғай базасы, коммуналдық төлемдерді есепке алу, eGov мobile арқылы есептегіштердің көрсеткіштерін жинау, азамат пен көрсетілетін қызметті берушінің жеке кабинеті кіреді. Сондай-ақ iQala және Е-ПИК интеграциясы қарастырылған.
«Бұдан бөлек, Ұлттық жобаны іске асыру барысында реттелетін коммуналдық төлемдерді ұлғайту кезінде халықтың осал топтарын қолдау мәселелері көзделген. Халықтың табыс деңгейіне байланысты көзделген шығындар шегін 5-10% төңірегінде бекіту көзделген, бұл мемлекеттік қолдау алатындар санын ұлғайтады. Сонымен қатар тарифтің өсуі әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып белгіленеді», – деп қорытындылады Тимур Қосымбаев.