Астанада электр желілері 1,5 млрд теңгеге жаңғыртылады

Астана, электр желілері, ЭКСЖ, жаңғырту, ұлттық жоба, - МЭКС

Жаңа орамдар мен әлеуметтік нысандардың пайда болуына байланысты Астана қаласының энергетикалық инфрақұрылымына түсетін жүктеме Сол жағалау аудандарын салу кезінде күткен қарқыннан да жылдам өсіп келеді. Электрмен жабдықтаудың тиімділігін сақтау үшін елордада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында тарату желілерін қайта жаңарту басталды.

«Астана-ӨЭК» АҚ кабель желілерінің екі учаскесін жаңартуға 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттайды.

Қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданындағы жұмыстар кернеуі 20 кВ, жалпы ұзындығы 7,08 км кабельдерді ауыстыруды көздейді. Қолданыстағы желілердің салынғанына бары-жоғы 10 жыл болса да, электр энергиясын тұтынудың өсуі тарату желілеріндегі қуаттың жеткіліксіз болуы секілді мәселені шешуді талап етіп отыр. 

«Олимп» және «Әуежай» қосалқы станцияларынан басталатын учаскелерде монтаждауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Кабель каналын салу үшін топырақ қазылып, бақылау камераларына негіз дайындалды, сондай-ақ оларды бетондау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, мамандар Хусейн бен Талал көшесі арқылы құбыр өткелін салып жатыр. Бүгінгі таңда нысанның дайындығы 8%, оны толық іске асыруға 1,3 млрд теңге жұмсалады.

Құны 202,9 млн теңгені құрайтын екінші жоба бойынша кернеуі 0,4 кВ, жалпы ұзындығы 9,6 км кабель желісін қайта жаңарту жоспарланған. Ол «Астана Балет» театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясы төңірегіндегі нысандарды электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда 4,8 км жаңа желі тартылды, бұл жоспарланған көлемнің 60%-ын құрайды. Жұмыс жылдам жүріп жатыр, өйткені жаңа трассалар салудың қажеті жоқ. Себебі кабельдер бұрыннан бар арналар мен құбыр өткелдерінде ауыстырылады. 

Жобаны іске асыру электрмен жабдықтау жүйесін нығайтады, технологиялық бұзушылықтар мен апат жағдайында ажыратулар қаупін төмендетеді және Астананың ең жылдам өсетін аудандарының бірін дамыту үшін инфрақұрылымдық қор құрады.

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.

 

Жазылыңыз МЭКС-тің ресми Telegram арнасына