Солтүстік Қазақстан облысының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға шамамен 45 млрд теңге бағытталады

СҚО, жаңғырту, Ұлттық жоба, ЭКСЖ, Петропавл, - МЭКС

Солтүстік Қазақстан облысында 2026 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға шамамен 45 млрд теңге тарту жоспарлануда.

Алдағы жұмыстар Петропавл қаласында Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобалық кеңсесінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, коммуналдық кәсіпорындардың және табиғи монополиялар субъектілерінің қатысуымен өткен кеңесте талқыланды.

Ең ауқымды жұмыстар электрмен жабдықтау саласында жоспарланған. Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы жалпы құны 16,7 млрд теңге болатын 11 іс-шараны іске асырады. Сонымен қатар облыстың тағы бес ауданын электрмен жабдықтауды «Көкшетау Энерго» ЖШС қамтамасыз етеді. Компанияның электр желілерін жаңғыртуға шамамен 14 млрд теңге қарастырылған. 

Жоспарға сәйкес шамамен 218 шақырым электр желісі мен 61 қосалқы станция жабдығы жаңартылады. Бұл нысандар 67 мыңға жуық абонентті және 651 әлеуметтік маңызы бар нысанды, оның ішінде 114 медицина мекемесін, 172 білім беру ұйымын, әлеуметтік сала, мәдениет, спорт нысандары мен үздіксіз өндірістік циклдегі кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін электрмен жабдықтаудың сенімділігі артып, әсіресе ең жоғары жүктеме кезеңдерінде апаттық ажыратулар саны азаяды деп күтілуде.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Қазіргі таңда «Қызылжар су» кәсіпорнының су құбыры желілерінің тозуы 56,7%, ал кәріз желілерінің тозуы 60,8% құрайды.

Бұл бағытқа 8,9 млрд теңге қарастырылған. Қаражат магистральдық су құбырларын, сорғы станцияларын, кәріз коллекторларын қайта жаңғыртуға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерге ортақ су есептеу құралдарын орнатуға бағытталады.

Жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін су құбыры желілерінің тозуын 53,4%-ға, кәріз желілерінің тозуын 59,6%-ға дейін төмендету, сондай-ақ су шығындары мен апаттар санын азайту жоспарлануда.

2026 жылы өңірде 8,177 шақырым магистральдық және тарату жылу желілерін қайта жаңғыртып, диаметрін ұлғайту, сондай-ақ сорғы станцияларын жаңғырту көзделген. Жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға 5,3 млрд теңге қарастырылған.

Жаңғырту нәтижесінде 82 мыңға жуық абоненттің және 392 әлеуметтік маңызы бар нысанның, оның ішінде ауруханалардың, мектептердің, әлеуметтік сала мекемелерінің, әкімшілік және басқа да нысандардың жылумен жабдықтау сенімділігі артады.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін жылу желілеріндегі апаттылық деңгейі 48%-ға, ал жылу энергиясының нормативтен тыс шығындары 45%-ға жуық төмендейді деп күтілуде. Бұл тұрғындар үшін апаттық ажыратулардың азаюын және жылыту маусымында тұрақты жылумен қамтамасыз етілуін білдіреді.

Өңірде Ұлттық жобаны іске асырудың алғашқы нәтижесі Тайынша қаласында көрініс тапты.

Теміржол шағын ауданындағы жылу трассасы 1989 жылдан бері пайдаланылып келген. Соңғы он жыл ішінде мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың нәтижесі іс жүзінде бір ғана жылыту маусымына жететін.

Жоба басталған кезде жылу желілерінің тозу деңгейі 60%-ға жеткен болатын. Ұлттық жоба аясында 2,2 шақырым қолданыстағы желілер қайта жаңғыртылып, қосымша 1,157 шақырым жаңа жылу желісі салынды. Жұмыстар 2025 жылдың желтоқсанында аяқталып, инвестициялардың жалпы көлемі 745,9 млн теңгені құрады.

Жаңғырту нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 60%-дан 26%-ға дейін төмендеді. Жаңартылған жүйе бүгінде 18 көппәтерлі тұрғын үйді, 29 жеке тұрғын үйді және 4 бюджеттік мекемені жылумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және кәсіпорындарды жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік туды. Жылу енді Теміржол шағын ауданының қазандығынан орталықтандырылған түрде беріледі. Бұл ескі инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырды.

Тайынша қаласының тәжірибесі жаңғырту тек жаңа желілердің шақырымдары мен миллиардтаған инвестициялар ғана емес екенін көрсетті. Ең бастысы – тұрғындар үшін коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыру. Алдағы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында жоспарланған жұмыстардан да дәл осындай нәтижеге қол жеткізу күтілуде.

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.

Жазылыңыз МЭКС-тің ресми Telegram арнасына