ЭКСЖ инвестициялық картасы: сұраныс арқылы өндірісті дамытуға мүмкіндік береді
Орталық Азияның көптеген елдері инвесторларды салықтық жеңілдіктер мен арнайы режимдер арқылы тартып жатқанда, Қазақстан біртіндеп өзгеше жолмен келе жатыр. Мемлекет отандық өндірушілер үшін болашақ өткізу нарығын алдын ала қалыптастыра бастады. Бизнес үшін бұл көбіне кез келген жеңілдіктен маңыздырақ. Егер компания өз өнімін бірнеше жыл бойы сатып алатынын түсінсе, инвестиция салу туралы шешім қабылдау әлдеқайда жеңілдейді.
Дәл осындай үлгі бойынша «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы жұмыс істей бастады. Бір қарағанда мұнда жылу желілерін жөндеу туралы сөз болып тұрған секілді. Іс жүзінде Ұлттық жобаның іске қосылуы – қазақстандық құрылыс материалдары, жабдықтар және инженерлік өнім өндірушілер үшін жаңа нарық қалыптастырады. Осылайша, инвесторлар тартуға және отандық тауар өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Ал ендігі негізгі мәселе – жобаны сапалы іске асыру, соның нәтижесінде инженерлік, коммуналдық желілердің тозу деңгейін төмендету болып тұр.
Сандар не дейді?
Жылу желілерін реконструкциялау бойынша алғашқы 50 жоба бойынша тауарларға деген қажеттілік 32,8 млрд теңге деп бағаланады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта отандық кәсіпорындар осы көлемнің шамамен 75 пайызын, яғни 24,6 млрд теңгесін жаба алады. Тағы 8,2 млрд теңге бос ниша болып қалады. Бұл жаңа өндірістерді ашу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту және импортты алмастыру үшін жаңа мүмкіндіктер.
2029 жылға дейін мемлекет 20 тауар тобы бойынша болашақ қажеттілікті анықтады. Ең көп қажет болатыны: металл құбырлар мен фитингтер (1 298 позиция), кабель-өткізгіш өнімдері (809), бетон және асфальтбетон қоспалары (771), металл прокаты (749), құбыр арматурасы (685), темірбетон конструкциялары (629) және полимер құбырлар (548). Жалпы алғанда, жалпы мақсаттағы құрылыс материалдары санатында 3 364 тауар позициясы бар. Яғни бизнес алдағы жылдардағы сұранысты алдын ала көре алады.
Офф-тейк келісімшарттары не береді?
Бұл үлгінің басты ерекшелігі – мемлекет тек болашақ сатып алуларды ғана емес, офф-тейк келісімшарттарын да ұсынады. Олар өнімді өткізуді алдын ала бекітуге мүмкіндік береді. Бұл инвесторлар үшін тәуекелді азайтады. Болашақ сатып алушы белгілі болғанда, жаңа зауыт салу, жабдық сатып алу немесе өндірісті кеңейту туралы шешім қабылдау әлдеқайда оңай болады.
Сонымен қатар отандық жеткізушілер базасы қалыптасып жатыр. Қазақстандық өндірушілер тізіліміне ЭКСЖ аясында қолданылуы мүмкін 11 590 түрлі өнім шығаратын 409 кәсіпорын енгізілген.
Осылайша, ірі инфрақұрылымдық жобалардың айналасында толыққанды өндірістік кооперация қалыптасып келеді.
Ең қызықты мүмкіндіктер қай салада?
Ең тартымды мүмкіндіктер локализация деңгейі әлі төмен салаларда қалып отыр. Бүгінгі күні ішкі әрлеу материалдарын өндіру сұраныстың шамамен 30 пайызын, гидрооқшаулағыш материалдар – 35 пайызын, кабель-өткізгіш өнімдері – 45 пайызын, сорғы жабдықтары – 49 пайызын, металл прокаты – 52 пайызын жабады. Дәл осы бағыттар жаңа инвестициялар мен жаңа өндірістер үшін өсу нүктелеріне айналуы мүмкін.
Технологиялық негіз
Өндіруші мен мердігер арасындағы байланыс электрондық сатып алу платформасы арқылы жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Өнімді іріктеу СҚҚК-3 құрылыс кодтары негізінде автоматты түрде жүреді.
Сондықтан өндірушілерге өз өнімдеріне тиісті кодтарды беру қажет – сонда жүйе тиісті қажеттілік туындаған кезде оны іздеу нәтижелеріне автоматты түрде қосады.
Түйін:
Аймақтағы елдердің көбі инвесторлар үшін жеңілдіктерге басымдық берсе, Қазақстан біртіндеп нарықтың өзін қалыптастырып жатыр. Ұзақ мерзімді перспективада жаңа өндірістерді тартатын, локализацияны жеделдететін және мемлекеттік инвестицияларды экономика ішінде ұстап тұратын басты фактор дәл кепілдендірілген сұраныс болуы мүмкін. Ең бастысы – мүмкіндіктерді уақытылы пайдаланып қалу керек.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.
Фото: жасанды интеллект