99%-ға дейін тозған және қолданылғанына 60 жыл болған желілер: «Көкшетау Энерго» нені өзгертеді?
Үйде жарық жанып тұрғанда, электр желілеріне ешкім мән бере бермейді. Бірақ ескірген желі қатты желге, көктайғаққа немесе кезекті рет өскен жүктемеге шыдамай үзіліп кетсе, бір көшенің, ауданның немесе бүкіл елді мекеннің ортақ мәселесіне айнала кетеді.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында желілер мен қосалқы станциялардың бір бөлігі 40-60 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Жекелеген нысандарда тозу деңгейі 99%-ға жеткен. Бұл тек бағаналар мен сымдардың ескіруі ғана емес. Бұл көрсеткіштің артында апаттық ажыратулар, электр энергиясының тоқтаусыз шығыны, қымбат жөндеу жұмыстары және жаңа үйлерді, мектептерді, ауруханалар мен кәсіпорындарды желіге қосудың шектеулі мүмкіндіктері тұр.
2026 жылы «Көкшетау Энерго» ЖШС «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бес инфрақұрылымдық және екі цифрлық жобаны іске асыруға кіріседі. Жұмыстар Көкшетау қаласын, Ақмола облысының Бурабай және Зеренді аудандарын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Тайынша аудандарын қамтиды.
Жалпы алғанда 680 шақырымнан астам электр желісін, 120 трансформаторды және үш ірі қосалқы станцияны жаңарту жоспарланып отыр. Бұл нысандардың неліктен бағдарламаға енгені, нақты не өзгеретіні және тұрғындар нәтижесін қашан сезінетіні туралы «Көкшетау Энерго» ЖШС инвестициялық даму бөлімінің бастығы Шершнев Дмитрий Александрұлы айтып берді.
– Дмитрий Александрұлы, кейбір нысандардың тозуы 99 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш іс жүзінде нені білдіреді?
– Бұл – желілер мен жабдықтардың өзіне тиесілі нормативтік мерзімін толықтай дерлік тауысқанын білдіреді. Көптеген нысандардың қолданысқа берілгеніне 40 жылдан 60 жылға дейін уақыт болған. Мәселе тек уақыттың өтуінде ғана емес. Ескі жабдықтар жиі бұзылады, оларды үнемі жөндеу қажет және бұл электр энергиясының техникалық шығынын арттырады. Оның үстіне, жабдықтардың кейбір түрлері қазір шығарылмайды, сондықтан оларға қосалқы бөлшектер табу күннен-күнге қиындап барады.
Бірақ ең маңыздысы – мұндай желілер қазіргі қажеттіліктерді әрдайым өтей бермейді. Олар өте жоғары жүктемемен жұмыс істейді, ал бос қуаттың жоқтығы жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды желіге қосу мүмкіндігін шектейді. Нысандарды таңдау кезінде компания тек тозу пайызына ғана қараған жоқ. Нақты бір желіге немесе қосалқы станцияға қанша тұрғын, үй және әлеуметтік мекеме тәуелді екені де маңызды болды.
– Жаңғырту жұмыстары қай аумақтарды қамтиды және қандай көлемде жұмыс істеледі?
– Жұмыстар Көкшетау қаласында, Ақмола облысының Бурабай және Зеренді аудандарында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Тайынша аудандарында жүргізіледі.
Жалпы алғанда 680 шақырымнан астам электр желісін, 120 трансформаторды және үш ірі қосалқы станцияны жаңарту жоспарланып отыр. Ең үлкен жұмыс көлемі Тайынша және Айыртау аудандарында жүргізіледі. Бұдан бөлек, екі облыста электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі дамытылады. Бұл – желілерді физикалық тұрғыдан ауыстыру емес, оларды цифрлық жүйемен басқаруға бағытталған бөлек бағыт.
Осылайша, жаңғырту жұмыстары тек ескі сымдарды жай ғана ауыстырумен шектелмейді. Желілерді жаңартумен қатар, компания олардың өткізу қабілетін арттыруды, заманауи автоматика орнатуды және цифрлық есепке алу ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
– Нысандарда нақты не өзгереді, қандай жабдықтар ауыстырылады?
– Тозығы жеткен желілер, трансформаторлар, қосалқы станция мен коммутациялық жабдықтар ауыстырылады.
Әуе желілерінің бір бөлігі өздігінен көтеретін оқшауланған сымдарға ауыстырылады. Олар қауіпсіз, ауа райының қолайсыздығына төзімді және электр энергиясының шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Ескі трансформаторлар заманауи, энергияны үнемдейтін жабдықтармен алмастырылады. Сонымен қатар желілердің өткізу қабілеті де артады.
Ескірген ажыратқыштардың орнына вакуумдық ажыратқыштар мен реклоузер орнатылады. Реклоузер желінің зақымдалған тұсын автоматты түрде анықтап, бүкіл желіні емес, тек сол бөлікті ғана ажыратады.
– Яғни, апат болған жағдайда жарықсыз қалатын тұтынушылар саны азая ма?
– Дәл солай. Заманауи автоматика зақымдалған тұсты оқшаулауға және желінің дұрыс жұмыс істеп тұрған бөліктерінде электр қуатын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, ақауды іздеп табу және оны жою уақыты қысқарады. Мұндай жүйе болмаса, бір ғана зақымдану үлкен аумақтың жарықсыз қалуына әкелуі мүмкін. Ал реклоузер апатты бөлікті бөліп тастап, қалған тұтынушыларға электр энергиясын беруді жалғастыруға көмектеседі.
Тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Ол тек технологияның өзі үшін емес, желіде не болып жатқанын тезірек көріп отыру үшін қажет.
– Автоматтандырылған есепке алу жүйесі қарапайым тұтынушыға не береді?
– Бұл жүйе электр энергиясын тұтыну көрсеткіштерін қашықтан жинауға мүмкіндік береді. Компания шығынның қай жерде артып жатқанын, ауытқулардың қайда пайда болғанын және қай тұста араласу қажет екенін тезірек көре алады. Бұл желіні дәлірек басқаруға және мәселелерге жедел әрекет етуге септігін тигізеді. Тұтынушы үшін мұның нәтижесі энергияның дәлірек есептелуі және электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
– Желілердің ескіруіне ауа райы қаншалықты әсер етеді?
– Ескі желілер қатты жел, көктайғақ және қалың қар жауған кезде өте әлсіз болады. Жылдар өткен сайын бағаналар, сымдар мен жабдықтар сыртқы әсерлерге төтеп бере алмай қалады. Соның салдарынан техникалық ақаулар мен апаттық ажыратулар жиілейді. Сондықтан жаңғырту жұмыстарының басты мақсаты – апаттардың салдарын жою ғана емес, олардың алдын алу. Осы орайда тұрғындарды мынадай маңызды мәселе толғандырады: жұмыстар қалай жүргізіледі және бұл жаңарту жұмыстары жарықтың ұзақ уақытқа сөнуіне әкеп соқпай ма?
– Тұрғындарға жарықтың ұзақ уақытқа өшуіне дайындалу керек пе?
– Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Біздің міндетіміз – тұтынушылар үшін қолайсыздықты барынша азайту және жарықтың ұзақ уақытқа сөнуіне жол бермеу. Егер уақытша ажырату қажет болса, тұрғындарға алдын ала ескертіледі. Кестелер электр қуатын тұрақты түрде беруді сақтап қалатындай етіп жасалады.
– Жұмыстардың барлық кешеніне кім жауапты болады?
– Жобалар «дайын күйінде тапсыру» (кілтпен тапсыру) принципі бойынша жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз – инженерлік зерттеулер мен жобалаудан бастап, құрылыс пен нысанды іске қосуға дейінгі бүкіл циклге бір ғана EPC-мердігер жауапты болады.
Барлық жоба бойынша мердігерлер анықталып қойды және олар инженерлік зерттеу жұмыстарына кірісіп кетті. Мұндай тәсіл жобалау мен құрылысты біртұтас жұмысқа біріктіруге және түпкілікті нәтиже үшін жауапкершілікті бір орындаушыға жүктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар материалдар мен жабдықтардың бір бөлігін қазақстандық өндірушілерден сатып алу жоспарланып отыр.
– Отандық материалдардың қандай түрлері қолданылады?
– Жобалау-сметалық құжаттамада Қазақстанда өндірілген темірбетон бағаналар, желілік арматуралар, оқшауланған сымдар мен трансформаторлық қосалқы станцияларды пайдалану қарастырылады.
Отандық өндірушілерді қолдау – Ұлттық жобаның басты талаптарының бірі. Дегенмен, жекелеген желілерді жаңарту – үлкен міндеттің бір бөлігі ғана. Компанияның негізгі құралдарының жалпы тозу деңгейі әлі де жоғары.
– Қазір компанияның тозу деңгейі қандай және оны қаншалықты төмендету жоспарда бар?
– 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша компанияның негізгі құралдарының жалпы тозуы 84,22 пайызды құрады.
2026 жылғы жобалар жүзеге асырылған соң, бұл көрсеткішті 81,37 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Егер 2027 жылға арналған іс-шаралар мақұлданып, толық көлемде орындалса, тозу деңгейі 77,2 пайызға дейін азаюы мүмкін.
Ұзақ мерзімді перспективада компания бес-жеті жыл ішінде бұл көрсеткішті 60 пайыздан төмен түсіріп, «жасыл аймақ» деп аталатын деңгейге өтуді көздеп отыр. Ондаған жылдар бойы қордаланған мәселені бір жылда шешу мүмкін емес. Сондықтан жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Тағы бір маңызды мәселе – қаржыландыру. Жобалар компанияның жеке қаражаты есебінен емес, банктік қарыздар арқылы жүзеге асырылады.
– Жобалар қалай қаржыландырылады және бұл тарифке қалай әсер етеді?
– Қаржыландыру екінші деңгейлі банктерден алынатын қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл жобаларға компанияның өз қаражатын салуы қарастырылмаған. Борыштың негізгі сомасы мен пайыздық мөлшерлеменің 10 пайызға дейінгі бөлігі тариф арқылы қайтарылады. Банк мөлшерлемесінің қалған бөлігін мемлекет субсидиялайды (яғни өз мойнына алады). Мұндай тетік желілерді ауқымды түрде жаңартуды дәл қазір бастауға және сонымен бірге несие құнының тарифке тигізетін әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Дегенмен, тұрғындар үшін банктік схемалар, пайыздар мен тозу көрсеткіштері екінші орында қала береді. Олар үшін қаржыландыру туралы келісімшарт емес, жұмыстар аяқталғаннан кейін не өзгеретіні маңызды.
– Тұрғындар жаңғырту жұмыстарының шынымен нәтиже бергенін қашан айта алады?
– Электрмен жабдықтау жұмысы тұрақтанып, апаттық ажыратулар азайғанда және ақауларды жою аз уақыт алатын болғанда айта алады.
Қуат көзі артқаннан кейін жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды қосу мүмкіндігі пайда болады. Қарапайым адам үшін нәтиже өте анық: үйде әрдайым жарық болуы керек. Бірақ осы бір қарапайым нәрсенің артында жүздеген шақырым жаңартылған желілер, ондаған қосалқы станциялар және ондаған жылдар бойы қызмет еткен жабдықтарды ауыстыру жұмыстары тұр.
Жаңғыртудың негізгі мәні де осында: жай ғана ескі сымның орнына жаңасын тарту емес, жүйенің үнемі апаттан көз ашпайтын күйін тоқтатып, оның алдағы жылдарға сенімді әрі берік жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау.
Фото: жасанды интеллект