Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Енді су есептегіш құралдарына деректерді қашықтан жіберу функциясы қосылады

6 Қараша 2025 ж.

Енді су есептегіш құралдарына деректерді қашықтан жіберу функциясы қосылады

су есептегіш құралдар, деректер, ұлттық жоба, жаңғырту, - МЭКС

Қазақстанда суды есептеу құралдары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдаланудың жаңа ережелері қабылданды, олар тұтынуды цифрлық есепке алуға көшуді бекітеді. Құжат Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 295 бұйрығымен бекітілген және Әділет министрлігінде 2025 жылғы 18 тамызда № 36616 болып тіркелген.

Жаңа ережелердің басты мақсаты – еліміздің барлық елді мекендерінде суды есепке алудың дәлдігін, ашықтығын және цифрландыруды арттыру. Демек, еліміздегі су есептегіш құралдары деректерді қашықтан жіберу функциясымен жабдықталады. Құжат 2015 жылғы бұйрықтың күшін жояды және есептегіш құралдарды орнату және пайдалану үшін жаңа стандарттарды белгілейді.

Басты жаңашылдық – суды міндетті түрде автоматты түрде есепке алу жүйесін енгізу. Енді алғаш рет орнатылатын немесе істен шыққан есептегіштердің орнына қойылатын барлық құрылғылар деректерді қашықтан жіберетін құрылғылармен (ДҚЖҚ) жабдықталуы тиіс. Мұндай құрылғылар көрсеткіштерді автоматты түрде өлшеп, сақтап, оларды су жеткізушілердің ақпараттық жүйелеріне және энергия тұтынуды автоматты есепке алу жүйесіне жіберіп отырады.

Үйлесімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін:

- егер деректерді беру протоколы жабық (яғни тек белгілі бір өндірушіге тиесілі) болып, ақпараттық жүйелермен біріктіруді қамтамасыз етпесе, мұндай құрылғыларды (ДҚЖҚ) қолдануға тыйым салынады;

- есептегіштерден келетін деректерді қабылдайтын ақпараттық жүйелер Қазақстан аумағында орналасуы тиіс және үздіксіз қабылдау, сақтау, өңдеу мен деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.

Жаңа талаптарды енгізу су ресурстарын есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыруға, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және коммуналдық қызметтерге ақы есептеудегі қателікті азайтуға мүмкіндік береді.