15 Қыркүйек 2025 ж.
ЭКСЖ ұлттық жобасы: инвестициялар, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа жұмыс орындары

Астанада өткен семинар-кеңесте ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің қатысушылары энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы ұлттық жобаның міндеттерін талқылады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде республика бойынша желілердің тозуы 2029 жылға қарай 40%-ға дейін төмендейді деген жоспар бар. Бұл апатты азайтуға, коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаның негізгі міндеттерінің бірі – электр және жылу энергиясын өндіру көздерін салу және жаңғырту. Электр және жылу энергетикасының тапшылығын ескере отырып, инфрақұрылымды жаңартуға шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Қаражат екінші деңгейдегі банктердің нарықтық қарыздары мен несиелері есебінен де, халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауы арқылы да түсетін болады.
ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің өкілдері ұзақ мерзімді жеңілдікті қаржыландыруды қамтамасыз етудің маңызды екенін ашық айтты. Осыған байланысты заңнамаға және тарифтерді қалыптастыру қағидаларына табиғи монополия субъектілеріне инвестициялардың қайтарылуын және борыштық міндеттемелердің төленуін ескеруге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау ережелері бекітілді. Мәселен, қарыздар бойынша сыйақы 10%-ға дейін тарифке енгізіледі, бұл шамадан жоғары болса, мемлекет субсидиялайды.
Сұрақтардың бір бөлігі отандық өндірушілерді қолдауға байланысты болды. Жобаларды іске асыру кезінде қазақстандық компаниялардың тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алуға басымдық беріледі. Бұл ел ішіндегі инвестицияларды сақтауға, өндірістік нысандарды құруды және жаңғыртуды ынталандыруға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті мамандарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.