Колл-центр
22 Мамыр 2026 ж.
ЭКСЖ отандық тауар өндірушілер үшін трамплин
«Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба – қазақстандық тауар өндірушілер үшін нағыз трамплин. Астанада өткен «ЭКСЖ ұлттық жобасында өндірісті оқшаулау» атты семинар-кеңесте Қазақстандық энергетикалық жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялар мен энергетикалық жабдықтарды өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов осындай мәлімдеме жасады.
ЭКСЖ қоғамдық кеңесінің өкілі, депутат Жанболат Жөргенбаевтың пайымдауынша, ұлттық жоба – бұл тек су, жылу, кәріз және электр желілеріне құйылатын ауқымды инвестиция ғана емес. Бұл – көптеген жылдан бері алғаш рет инфрақұрылымды жаңғыртуды өз өндірісімізді дамытумен байланыстыруға берілген үлкен мүмкіндік.
«Жоба аясында салынған немесе жаңартылған желінің әрбір километрі, әрбір сорғы станциясы, әрбір қазандық қазақстандық зауыттар үшін тапсырысқа, өңірдегі жаңа жұмыс орнына және ел бюджетіне түсетін салық болуы тиіс. ЭКСЖ Қоғамдық кеңесі мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы көпір ретінде қызмет атқарады. Сонымен бірге, бұл жұмыстың барлығы – желілерді жаңғырту, өндірісті локализациялау, тарифтік әдістемені жаңарту – халық үшін тарифтердің күрт өсуіне жол бермей жүргізілуі аса маңызды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – әлеуметтік тұрғыдан өте өзекті сала, сондықтан мұндағы кез келген шешім мұқият өлшеп-пішілуі тиіс: тарифті өсірудің нақты кестесі, инвестициялық құрамдас бөлігінің ашықтығы және тұтынушылардың әлеуметтік осал топтарын қорғау шаралары қамтылуы қажет. Азаматтардың сенімі – инвестиция мен технология секілді бұл саланың дамуына серпін беретін маңызды ресурс», - деді Жөргенбаев.
Семинар барысында қазақстандық салалық қауымдастықтардың өкілдері бірнеше негізгі проблемаларды атады. Олардың ішіндегі ең бастысы, тіпті саланың түпкі деуге болатын мәселесі – отандық өндірушілердің нарықты ғана емес, белгісіз себептермен бір-бірін де көрмейтіндігі. Осы мәселеден тағы бір түйткіл туындайды: ол – салааралық кооперацияның төмендігі.
YDA Industrial Park өкілі Тимур Данияровтың пікірінше, бұл мәселені сұраныс пен тапшылық картасы шеше алады.
Бұл мәселелерді шешуде алғашқы қадамдар жасалып қойғанын атап айтқан жөн. Кейінірек пікірталас барысында «ТҮКШ жаңғырту мен дамутудың қазақстандық орталығы» АҚ Отандық тауар өндірушілерді және жаңа өндірістерді дамыту департаментінің директоры Әлішер Рауфов хабарлағандай, қазіргі уақытта техникалық оператор Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің интерактивті картасын әзірлеп жатыр.
Бұған дейін ЭКСЖ-ның техникалық операторы пилоттық жобалар бойынша түскен өтінімдер негізінде қалыптасқан отандық тауарларға деген қажеттілікке қатысты мониторингін жүргізген. Нәтижесінде 7 958 тауардан тұратын мәліметтер базасы анықталды.
«Қазақстан өндірушілері «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының барлық қажеттілігін, атап айтқанда, терминалдар, электр қозғалтқыштар, өлшеу аспаптары, тіркеу арматурасы, қазандық құбырлары, үштіктер және т.б. номенклатура бойынша қамтамасыз ете алмайды. Бүгінгі таңда 1 014 млрд теңге сомасына 337 тауар позициясын локализациялап, қазақстандық тауар өндірушілерге игеру қажет», - деді Рауфов.
ЭКСЖ ұлттық жобасы – отандық өндірушілерге қолдау көрсетудің маңызды құралы. Үкімет бұл жобаны жай ғана инфрақұрылымдық бағдарлама деп емес, елдің энергетикалық және коммуналдық салалары үшін отандық өндірісті дамытудың және тұрақты өнеркәсіптік база қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде қарастырады.
Қазіргі кезде жауапты министрліктер мен мекемелер салалық байланысты нығайтып, өндірістік серіктестікті дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр.
Бүгінгі семинар – осындай қолдау шараларының бірі. Жиын аясында қазақстандық өндірушілердің өнім көрмесі ұйымдастырылып, кәсіпкерлер мен табиғи монополия субъектілері ЭКСЖ жобасы бойынша кеңес ала алатын B2B алаңы өтті. Тағы бір маңызды қадам – «өндіруші мен өндіруші» және «ТМС пен өндіруші» арасында пилоттық жұптардың құрылуы болды.
Өндірушілер де алдағы жоспарын ЭКСЖ ұлттық жобасымен байланыстырып отыр. Мысалы, Қазақстандық энергия жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялар мен энергетикалық жабдықтарды өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, тізілімдер мен мәліметтер базасы – ендігі жерде мінсіз деңгейге жеткізілуі тиіс құралдар. Ал Ұлттық жоба бұл процесті тездетуге үлкен серпін берді.
«Жалпы, ЭКСЖ – отандық тауар өндірушілер үшін нағыз трамплин. Егер бізді тығырықтан шығаратын сиқырлы таяқша іспетті көрінетін ОТӨ тізілімін былай ысырып қойып қарасақ, ол тек жұмыс құралы ғана екенін түсінеміз. Ал ЭКСЖ ұлттық жобасы – дәл осы біздің отандық өндірушілердің қанат жайып, алға басуына арналған тың мүмкіндік. Бұл жерде шетелдік, айталық, қытайлық немесе басқа да өндірушілер емес, дәл біздің кәсіпорындар табыс табуы керек. ЭКСЖ ұлттық жобасы осы серпілісті беруі тиіс. 13 триллион теңге – егемен Қазақстан тарихында мұндай қомақты қаржының бір салаға бағытталып, игерілуі бірінші рет болып отыр», - деді Агафонов.
Айта кету керек, ТКШ Қазорталығының мәліметінше, қазір ЭКСЖ-ның 68 түрлі жобасы қолға алынған. Оның ішінде 20 жоба жүзеге асырылу үстінде. Әрбір жобада орташа есеппен 4-6 қазақстандық өндірушінің өнімі пайдаланылады.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.