Колл-центр
27 Қаңтар 2026 ж.
ЭКСЖ Қоғамдық кеңесі 2026 жылға арналған ТКШ жаңғыртудың басым бағыттарын айқындады
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ алаңында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің биылғы алғашқы отырысы өтті.
Жиынға қатысушылар алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді талқылады, ТКШ саласындағы жасанды интеллект базасында салалық шешімдерді енгізу мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.
«ТКШ ҚазОрталығы» талдау және орнықты даму қызметінің басшысы Гүлвира Әбетова, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, қоғам қайраткері Петр Своик және Қоғамдық кеңестің басқа да мүшелері баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.
Отырыс барысында 2025 жылы жалпы құны 31,6 млрд теңге болатын ЭКСЖ жобалары пулының іске асырылу сатысында тұрғаны айтылды. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ желісі бойынша жылумен жабдықтау саласындағы үш жоба аяқталды: Павлодар қаласында өткізу қабілеті арттырылған ТМ-20А жаңа жылу магистралінің құрылысы, Теміртау қаласындағы ТМ-2А жылу желілерін қайта жаңғырту, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласының Железнодорожный шағын ауданындағы жылу трассасын жаңғырту.
Ұлттық жобаны қаржыландыру параметрлеріне ерекше назар аударылды. Тимур Қосымбаевтың айтуынша, 2026 жылға жоспарланған инвестиция көлемі 919 млрд теңгеге жетеді.
«Басты мақсатымыз – қазіргі қол жеткізілген көрсеткіштерден келер жылға жоспарланған деңгейлерге біртіндеп көшуді қамтамасыз ету», - деді ол.
Ұлттық жобаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қаражат тарту стратегиясы әзірленді. Қаржыландырудың негізгі көздері ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты, Дүниежүзілік банк, екінші деңгейлі банктер, нарықтық қаржыландыру, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкінің ресурстары қарастырылып отыр.
Бұдан басқа, 2026 жылы іске асырылатын жобаларға дайындық аясында жалпы сомасы 439 млрд теңгені құрайтын тауарларға деген қажеттілікке талдау жүргізіліп, тиісті тізбе қалыптастырылды. Ең көп сұранысқа ие өнімдер қатарында полиэтилен және болат құбырлар, кабельдік және электрондық (оның ішінде дәнекерлеу) өнімдер, тиекті арматура, сондай-ақ құрылыс-жөндеу материалдары (цемент, құм, бетон) бар.
Талдау қорытындысы бойынша өнімнің негізгі түрлерін өндіру және жеткізуге мүмкіндігі бар 172 қазақстандық тауар өндірушінің тізімі анықталды. Отандық ірі құбыр өнімдерін өндірушілердің қатарында «ТЫНЫС» АҚ, «Арыстан» «Астана құбыр зауыты» ЖШС, «Жакко Қарағанды» ЖШС және басқа да кәсіпорындар бар.