Колл-центр
16 Қыркүйек 2025 ж.
ЭКСЖ жобасы аясында 669 EPC-мердігер анықталды
Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруды түсіндіру жөніндегі семинар-кеңес барысында мәлімдеді.
Ұлттық жоба шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау мақсатында отандық тауар өндірушілерді дамытуға және сатып алулардағы елішілік қамту үлесін арттыруға ерекше назар аударылады.
«Тауар түрлері мен қосалқы мердігерлерге ауқымды талдау жүргізілді. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,24 трлн теңгені құрайтын 2 786 тауар түрі өңірлер бөлінісінде және лицензиялардың бар-жоғына байланысты анықталды», - деді ол.
Салалар бойынша сатып алулар көлемі келесідей бөлінді:
Жылумен жабдықтау – 1 665,4 млрд теңгеге 1 559 тауар;
Сумен жабдықтау – 354,7 млрд теңгеге 341 тауар;
Су бұру – 128,3 млрд теңгеге 444 тауар;
Электрмен жабдықтау – 91,6 млрд теңгеге 442 тауар.
Осы қажеттілікті жабатын 220 отандық тауар өндірушіден тұратын пул құрылды.
ОТӨ дамыту импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ бюджетке түсетін салықты ұлғайтуға мүмкіндік береді.