Колл-центр
13 Қаңтар 2026 ж.
ЭКСЖ аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 1,9 трлн теңге инвестиция тартылмақ
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов хабарлады.
Оның айтуынша, сумен қамтамасыз ету және су бұру желілердің тозуы, халықтың суға деген сұранысының артуы, жаңа аудандарда құрылыс нысандарының бой көтеруі – жүйелерді жаңғыртуды, қамту аясын кеңейтуді, қызмет көрсету сапасын арттыруды талап етеді. Бұл үшін қомақты инвестиция тартып, басқару және техникалық құзыреттерді дамыту қажет. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңарту жөніндегі міндеттерді шешу екі негізгі бағыт бойынша жалғасады. Олар жалпы сипаттағы трансферттер және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба аясында қарыз қаражаты есебінен іске асырылмақ.
«Биыл жалпы сипаттағы трансферттер аясында 128 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде сумен жабдықтауға – 78 млрд теңге, ал су бұру жүйесіне – 50 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, министрлік жобалардың іске асу барысын тұрақты түрде бақылайды. Ұлттық жоба шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жалпы көлемі 1,9 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Жобаларды кешенді жоспарлау және тиімді бақылау үшін Техникалық оператор институты енгізілді. Оның қызметі табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қарауға, жобалау тапсырмаларын қазақстандық өндіріс өнімдерін басым пайдалану талабын ескере отырып келісуге, техникалық-технологиялық шешімдерге сараптама жүргізуге және жобалардың орындалуын бақылауға бағытталған», - деп нақтылады Қуандық Қажкенов.
Техникалық оператор институты тапсырыс беруші мен әкімдіктердің функцияларын алмастырмайды және қайталамайды. Қайта техникалық-технологиялық шешімдердің сапасы мен тиімділігіне қойылатын бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, қаржыландыру көзі мен моделін анықтау, тарифті кепілдендіру үшін қаржы операторы институты енгізілді.
«Өз кезегінде, қабылданып жатқан шаралар жобалау қателіктерінен туындайтын тәуекелдерді азайтуға, яғни шығындардың қымбаттауына және мерзімдердің созылуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Жалпы, Ұлттық жоба аясында 45 қалада су бұру желілерінің 2,8 мың шақырымын, су құбыры желілерінің 5 мың шақырымын және кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 38%-дан 33%-ға дейін, ал су бұру желілерінің тозуын 54%-дан 41%-ға дейін төмендету жоспарланған», - деді ол.
Саланың негізгі проблемаларының бірі қалалық кәріз-тазарту құрылыстарының жай-күйі. Олардың көпшілігі 50 жыл бұрын салынған, тозу деңгейі 65% -дан асады, бұл санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға тікелей әсер етеді.
2025 жылы Ақтау және Ленгер қалаларында КҚС енгізілді. Жыл соңына дейін тағы төрт қалада - Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражалда іске қосу жоспарланып отыр. 2025 жылы Ақтау және Ленгер қалаларында кәріздік тазарту құрылыстары пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін мұндай нысандарды Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында іске қосу жоспарланып отыр.
«45 кәріз-тазарту құрылысы жобасын іске асыру әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен жоспарланып отыр. Олардың қатарына халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары, «Бәйтерек» холдингі арқылы облигациялық қарыздар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) және мақсатты трансферттер кіреді. Атап айтқанда, 7 жоба Еуропалық қайта құру және даму банкі (Ақтөбе, Қарағанды, Риддер қалалары) мен Азия даму банкі (Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Степногорск қалалары) қарыз қаражаты есебінен іске асырылмақ», - деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Жобаның бүкіл өмірлік циклін – өтінім беруден бастап нысанды пайдалануға беруге дейін (немесе ұзақ мерзімді пайдаланудан кейін объектіні ТМС балансына беруге дейін) қамтитын кешенді тәсілді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың қараша айынан бастап Бірыңғай электрондық платформа іске қосылды.
«Қазіргі кезде министрліктің құзыреті аясында барлығы 89 жоба тіркелген (оның 52-сі – сумен жабдықтау, 37-сі – су бұру бағытында). Солардың ішінде инфрақұрылымы әбден тозған әрі «қызыл аймаққа» жатқызылған табиғи монополия субъектілеріне тиесілі 31 басым жоба айқындалды (оның 17-сі – сумен жабдықтау, 14-і – су бұру жобалары). Бұл жобалардың іске асырылу барысын министрлік тұрақты бақылап отырады», - деді Қуандық Қажкенов.
Цифрландыру сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртудың ажырамас бөлігі және коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жүйелі басқару мен бақылауды жолға қою, сондай-ақ шығындарды азайту үшін қажетті шарт саналады.
Осыған байланысты автоматтандыру жүйелеріне және байланыс арналары арқылы көрсеткіштерді автоматты түрде жинауға мүмкіндік беретін телеметрия технологиясы бар есепке алу құралдарына қойылатын талаптарды стандарттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Ұлттық жоба аясында су арналарындағы процестерді кезең-кезеңімен автоматтандыру көзделген. Бұл шаралар су шығындарын, апаттар санын және электр энергиясына кететін шығыстарды азайтуға, сондай-ақ жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұлғайтуға бағытталған. Іс-шараларды Дүниежүзілік банктің қаржыландыруын тарту арқылы іске асыру жоспарлануда. Отандық және халықаралық сарапшылармен бірге 5 қалалардағы - Астана, Шымкент, Орал, Екібастұз және Шахтинск қалаларындағы су арналарының қызметіне бағалау жүргізілді», - деп нақтылады ол.
Бағалау қорытындысы бойынша процестерді оңтайландыруға қатысты ұсынымдар әзірленіп, бірыңғай цифрлық шешімдерді және оларды кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға арналған техникалық тапсырма әзірленді.
«Әкімдіктермен және табиғи монополиялар субъектілерімен сумен жабдықтауды аспаптандыруға өтінімдер қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2026-2028 жылдары суды есептейтін 3,6 миллионнан астам «ақылды» аспап орнату жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Жолдау аясында су секторына басқарушы компанияларды қоса алғанда, халықаралық тәжірибе мен құзыреттерді тарту міндетін қойды», - деп түсіндірді вице-министр.
Тапсырманы орындау мақсатында былтыр жетекші еуропалық және азиялық желілік басқарушы компаниялармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде бүкіл әлемде (АҚШ, Франция, Италия, Испания, БАӘ, Жапония, Сингапур, Катар және т.б.) жұмыс тәжірибесі бар Veolia, Suezi Aqualia сияқты ірі халықаралық желілік операторлармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
«Бұл ретте өзара іс-қимыл форматы активтерді беруді көздемейді және мемлекеттік бақылауды сақтай отырып, басқарушылық шешімдер мен озық халықаралық тәжірибелерді тартуға бағытталған. Қазіргі кезде азиялық компаниялармен келіссөз жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Қуандық Қажкенов.