Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Жетісу облысында ЭКСЖ аясында 78,8 млрд теңгеге 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр

12 Маусым 2026 ж.

Жетісу облысында ЭКСЖ аясында 78,8 млрд теңгеге 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр

Жетісу, Талдықорған, ұлттық жоба, жаңғырту, - МЭКС

Жетісу облысында коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңарту жұмыстары дайындалып жатыр. ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында платформада табиғи монополия субъектілерінің жалпы құны шамамен 78,8 млрд теңге болатын 65 жобасы енгізілді. Әңгіме электр, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін, яғни өңір тұрғындары үшін жарық, жылу және су тұрақтылығы тікелей байланысты жүйелерді жаңғырту туралы болып отыр. 

Жетісу облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірдегі электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 78,5%-ға жеткен. ЭКСЖ жобаларын іске асыру арқылы бұл көрсеткішті 67,2%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Жылумен жабдықтау саласында желілер мен жабдықтардың тозуы 61%-ды құрайды (мақсаты – 54%-ға дейін төмендету). Ал сумен жабдықтау және кәріз жүйесі бағыты бойынша жобалардың бір бөлігі жұмыс процестерін автоматтандыруға, заманауи құрылғылар мен есептеуіш құралдарын орнатуға байланысты болады.

Өңірдегі қалаларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Текелі қаласында сумен жабдықтау және кәріз желілерінің тозуы 86%-ға жеткен. ЭКСЖ жобалары іске асырылғаннан кейін су құбыры желілерін толық жаңарту (тозу деңгейін 0%-ға дейін төмендету), ал кәріз желілерінің тозуын 53,4%-ға дейін азайту көзделіп отыр. Ал биыл Талдықорғанда Жансүгіров көшесінің бойындағы қаланың бас жылу магистралін толық ауыстыру жұмыстары басталады. Бұл жердегі құбырлардың салынғанына 46 жыл болған, ал олардың тозу деңгейі 61%-ды құрайды. Осы учаскені қайта жөндеу 26 мыңнан астам қала тұрғынын тұрақты түрде жылумен қамтамасыз етеді.

Бұл жоспарлар мен оларды іске асырудың нақты тетіктері Талдықорғанда өткен ЭКСЖ ұлттық жобасына арналған воркшопта таныстырылды.

Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, техникалық және қаржы операторларының, сондай-ақ Жетісу облысы мен Алматы облысының 17 табиғи монополия субъектілерінің өкілдері қатысты. Қатысушыларға тарифтік саясат, қаржыландыру, тұрғын үй көмегі және халықты қолдау шаралары мәселелері түсіндірілді.

Жобаларды дайындауға, қажетті рәсімдерден өтуге және операторлармен өзара іс-қимыл жасауға ерекше көңіл бөлінді.

Ұсынылған мәліметтер бойынша, 2026 жылы Жетісу облысында 33,5 млрд теңгеге 23 жобаны іске асыру жоспарланып жатыр. Оның негізгі бөлігі электрмен жабдықтау саласына тиесілі – 16 жоба. Тағы 2 жоба жылумен жабдықтау, ал 5 жоба сумен қамтамасыз ету және кәріз саласында қарастырылған. Бірнеше нысан бойынша мердігерлер анықталды, олардың бір бөлігі байқау сатысында тұр.

2027 жылға жалпы құны 45,3 млрд теңге болатын тағы 42 жоба жоспарланған. Мұнда да негізгі жұмыс көлемі электрмен жабдықтау саласына тиесілі – 32 жоба. Сонымен қатар, жылумен жабдықтау бойынша 1 жоба және сумен жабдықтау мен кәріз саласында 8 жоба қарастырылған. Қазіргі кезде бұл жобалар да әзірленуден бастап кешенді бағалау мен техникалық оператордың бекітуіне дейінгі дайындықтың түрлі сатыларында тұр.

Осылайша, 65 жобадан тұратын бұл тізімді толық іске асыру өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға және апатты жағдайлардың қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Спикерлердің пайымдауынша, жаңғырту жұмыстарының сәтті болуы тек қаржыға ғана емес, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасына және қатысушылардың бірлескен жұмысына да байланысты.

Ашық пікірталас кезінде қатысушылар жергілікті жерлердегі практикалық мәселелерді талқылады, ал стратегиялық коммуникациялар жөніндегі сарапшы Ақерке Берлібай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзгерістерді түсіндіру кезінде күрделі тақырыптарға байланысты жұмыс істеу және халықпен сенімді байланыс орнату бойынша сессия өткізді.

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.