Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар ЭКСЖ Қоғамдық кеңесі коммуналдық саладағы тарифтердің болашағын талқылады

11 Маусым 2026 ж.

ЭКСЖ Қоғамдық кеңесі коммуналдық саладағы тарифтердің болашағын талқылады

ЭКСЖ, ұлттық жоба, жаңғырту, Қоғамдық кеңес, тариф, - МЭКС

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында ТКШ саласындағы 2029 жылға дейінгі тариф саясатының мәселелері қаралды.

Қатысушыларға жобаның қазіргі кезге дейінгі нәтижелері және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау шаралары таныстырылды. 2023 жылдан бастап елімізде 19 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөнделді. Нәтижесінде инженерлік желілердің тозу деңгейі жыл сайын шамамен 3%-ға төмендеп келеді. ЭКСЖ жобасының міндеті – ескірген желілер мен құрал-жабдықтардың үлесін 40%-ға дейін азайту.

Қаржылық-техникалық жағдайды қадағалау мәліметтері бойынша, 8 кәсіпорын қауіпті «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа шығарылды.

Алдағы жылдары ЭКСЖ аясында 86 шақырым желіні жөндеуге 6,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Алдағы жылдары 86 км желіні жөндеуге Ұлттық жоба аясында 6,8 трлн инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осыған байланысты Қоғамдық кеңес мүшелерін жаңғырту ТКШ қызметтерінің құнына қалай әсер ететіні және қандай шешімдер инвестициялар мен халық үшін тарифтердің қолжетімділігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні қызықтырды.

Нысандарды жаңғыртуды қаржыландыру үшін бірінші кезекте даму институттарының («Бәйтерек» холдингі), банктер мен инвесторлардың қаражаты тартылады. Сондай-ақ, кәсіпорындар жобаларға салынған ақша біртіндеп коммуналдық қызметтерге ақы төлеу есебінен қайтарылатын тарифтік модельді қолданады.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, мемлекет халыққа түсетін қаржылық жүктемені барынша азайту үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. 

«Тарифтерді өзгерту жұмыстары кезең-кезеңімен және теңгерімді түрде жүргізіледі. Тұрғындар мен кәсіпорындар үшін коммуналдық қызмет құны әртүрлі болады. Мысалы, азаматтар үшін электр энергиясының бағасын төмендету тетіктері қарастырылған. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар үшін жергілікті әкімдіктер тарапынан қолдау шаралары іске қосылады. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар тұрғын үй көмегін ала алады. Бұл жәрдемақы, егер коммуналдық қызмет шығындары отбасы табысының белгіленген шегінен, яғни 5-10%-дан асып кетсе, шығынның бір бөлігін өтеп береді», - деп түсіндірді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы.

Жекелеген жеңілдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге де беріледі.

Тимур Қосымбаев коммуналдық қызмет тарифтерін өзгертудің өзіндік нақты себептері бар екенін айтты. Бұған стратегиялық ресурстардың (көмір, мазут, жанар-жағармай) қымбаттауы, газдың көтерме бағасының өсуі, сондай-ақ нысандарды жаңартуға инвестиция тарту және мамандар тапшылығын азайту мақсатында жұмысшылардың жалақысын өсіру қажеттілігі әсер етіп отыр.

Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері ЭКСЖ жобаларын іске асыру кезінде тариф саясатын одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Олардың пайымдауынша, тарифтерді белгілеу кезінде инфрақұрылымды жаңарту үшін электр қуаты, сумен жабдықтау және кәріз салаларының инвестицияны қажет ететіндігін ғана емес, сонымен бірге тұтынушылардың да мүддесі міндетті түрде қорғалуы тиіс.

«Біз тариф белгілеу мәселелерін егжей-тегжейлі талқылап, тариф саясатын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарымызды айттық. Сатып алуды ұйымдастыру және жобаларды ЭКСЖ электрондық платформасында іріктеу мәселелерін қозғады. Процестің барлық жауапты тараптарын - мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, кәсіпорындардың өкілдерін күш-жігерін үйлестіруге, жобаларды қарауды жеделдетуге және Ұлттық жоба аясындағы жұмысты жандандыруға шақырамын», - деп қорытындылады Қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Отырысқа сондай-ақ «Ақмола ӨЭК» АҚ және «Көкшетау Энерго» ЖШС басшылары қатысты. Олар Қоғамдық кеңес мүшелеріне ЭКСЖ жобаларының іске асырылу барысы және Ақмола облысының электр желісі кешенін жаңғырту перспективалары туралы баяндады.