Колл-центр
29 Қазан 2025 ж.
Депутаттар ЭКСЖ аясында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді ұсынды
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына «Aманат» партиясының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев депутаттық сауал жолдады.
«Соңғы жылдарда Риддер, Екібастұз және МАЭК-тегі сияқты Қазақстанның жылу электр орталықтарында болған апаттар жылумен қамтылу мәселесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізгі факторының бірі екенін көрсетті», - деді ол.
Биылғы қыркүйектегі Жолдауында мемлекет басшысының «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізгі факторы» деп атап өтуі бекер емес.
Жылу жүйелерінің жалпы тозуын ескере отырып, бұл мәселені «Aманат» партиясы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңес аясында тұрақты түрде талқылап, қарап отырады.
«Мәселен, ағымдағы жылыту маусымының алдында өңірлерге барып, олардың қысқа дайындық мәселесін бақылау нәтижесі бойынша бірқатар жылумен қамтамасыз ету нысандарында апаттық немесе төтенше жағдай болып қалу қаупі анықталған. Атап айтқанда, жылу желілерінің тозуы Жамбыл облысының Шу қаласында 70%-ға, Орал қаласында ЖЭО 86%-ға дейін, Қарағанды қаласында 81%-ға, Павлодарда 79%-ға жеткені және Қостанай облысының Арқалық қаласында 70%-ға дейін тозғаны белгілі болды», - деді халық қалаулысы.
Зерделеу көрсеткендей, ескірген желілердің жарылып, істен шығуынан басқа да теріс салдары жеткілікті. Оларға үлкенді-кішілі апаттардың жиілеуін, температураның төмендеп кетуі және жылу энергиясының шамадан тыс жұмсалуы сияқты жағдайларды жатқызуға болады.
«Бірінші кезекте олардан қарапайым халық зардап шегеді. Биыл жылу беру маусымы әдеттегіден ерте басталып, тұтынушылар жылумен қамтылды. Дегенмен, жаман айтпай жақсы жоқ», - деді ол.
Оның айтуынша, елімізде жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 52% екенін ескере отырып, жылу электр орталықтары 50 жылдан астам, ал қалғандары 30 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқанын, кез келген елді мекенде апаттың болу қаупі жоғары екенін естен шығармаған жөн.
Депутат бірнеше ұсыныс айтты:
1. Тозығы 60%-дан асқан жылу желілерін «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жедел жаңғырту, жылумен қамтуды жеке блок ретінде бөліп, ұлттық жоба мен өңірлік бағдарламалардың үйлесімін қамтамасыз ету;
2. Неғұрлым тозығы жетіп, апаттық жағдай алдында тұрған, жылу трассаларын, жылу электр орталықтары мен қазандықтарды қайта жаңарту үшін әсіресе тозу деңгейі сын көтермейтін өңірлерге 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастыру;
3. Ескірген жылу желілеріне түсетін жүктемені азайту және олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін энергия үнемдеу технологиялары мен баламалы энергия көздерін пайдалануды кеңейту;
4. Жылумен жабдықтаушы ұйымдарға инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет;
5. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті күшейту қажет. Осы саладағы мамандарды дамытатын мақсатты бағдарламалар керек.