Қаз

9 Қазан 2025 ж.

Биыл ЭКСЖ аясында пилоттық жобаларға 91 млрд теңге бағытталды

ЭКСЖ, ұлттық жоба, пилоттық жобалар, - МЭКС

Бұл туралы бүгін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. 

«2025 жылға арналған басым бағыт ретінде активтері әбден тозған, құжаттары расталған монополистер анықталды. Олардың тозығы жеткен нысандарын жаңғыртуға пилоттық жоба есебінде жалпы 91 млрд теңгеге қаржы бөлінді. Қазір коммуналдық желілер мен жабдықтарды жөндеу және ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы инвестиция көлемі шамамен 1 трлн теңге болады», - деді ол.

Оның айтуынша, елімізде 77 энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 19 стансаның 65%-дан астамы тозған. Жаңа қуат көздерін іске қосуға бағытталған құны 4,4 трлн теңге болатын 15 жобаны іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ 1,8 трлн теңгеге жұмыс істеп тұрған энергия көздерін жаңғыртуға бағытталған 14 жобаны іске асыру жоспарлануда. 

«Осы жұмыстың қорытындысы бойынша қолданыстағы активтерді жаңарту жоспарда бар. Бұл тозуды орта есеппен 15%-ға төмендетеді және шамамен 6,2 трлн теңге тартуға мүмкіндік береді», - деп нақтылады вице-премьер.

Премьер-министрдің орынбасары «критикалық тозған» күйде тұрған реттелетін коммуналдық салалар бойынша қанша монополист бар екенін айтты. 

«Мәселен, жылумен жабдықтау саласында елдің 11 облысында 17 монополистің жылу желілері 65%-дан астам тозған. Ең көп субъект Қарағанды облысында – 4, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында – әрқайсысында 3 субъектіден. 46 субъектінің 18-де электр желілерінің тозуы 70%-дан жоғары және олар 11 облыста орналасқан. Ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету және су бұру салалары бойынша қатысатын субъектілердің нысандары 70%-дан аса тозған», - деді Қанат Бозымбаев.

Оның сөзінше, коммуналдық желілердің жыл сайынғы табиғи тозуы шамамен 2-3% немесе 4-5 мың шақырым. Ал қолданыстағы инфақұрылымның көбі 50 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Нысандардың тозу көрсеткішін төмендету үшін жөндейтін инженерлік желілердің көлемін едәуір ұлғайту керек.