15 Қыркүйек 2025 ж.
Астанада коммуналдық желілердің тозуы ел бойынша орташа деңгейден төмен

Табиғи монополия кәсіпорындарының басым бөлігі орташа тозу деңгейі 65% болатын желілерді пайдаланады. Коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі туралы мұндай деректер Астанада ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыруға арналған семинар-кеңес барысында айтылды.
Жылумен жабдықтау саласында еліміздің 11 өңірінде 22 монополист кәсіпорын немесе субъектілердің жалпы санының үштен бірі тозуы 65%-дан асатын желілерді пайдаланады. Олардың ең көбі Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында жұмыс істеп тұр.
Электрмен жабдықтау саласындағы 46 субъектінің ішінде 18-інде желілердің тозу деңгейі жоғары — 70%-дан асады.
Сумен жабдықтау мен су бұруда күрделі жағдай қалыптасуда: ұлттық жобаға қатысушылардың жартысына жуығы 70%-дан астам тозған желілермен жұмыс істейді. Мәселен, 13 өңірде сумен жабдықтау саласының 23 кәсіпорны қауіпті аймақта (ең көп саны – Ақмола және Қарағанды облыстарында, 4 субъектіден). Су бұру саласында – 12 өңірде 24 субъект бар, оның 5-еуі Қарағанды облысында орналасқан.
Бағалау бойынша, коммуналдық желілердің жыл сайынғы табиғи тозуы шамамен 2-3% немесе шамамен 4-5 мың шақырымды құрайды. Бұл ретте инфрақұрылымның едәуір бөлігі 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Жағдайды өзгерту үшін инженерлік желілерді жөндеу көлемін ұлғайту қажет.
Жалпы, Астанадағы инженерлік инфрақұрылымның жағдайы басқа өңірлермен салыстырғанда біршама жақсы. ЭКСЖ Жобалық кеңсе өкілдерінің мәліметінше, бүгінде елордада жылу жүйелері мен жабдықтардың 53%-ы тозған. Бұл көрсеткішті 2029 жылға дейін 51%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Сумен қамту жүйелеріндегі тозу деңгейі — 41%, ал оны 32%-ға дейін азайту көзделген. Су бұру жүйелерінде де осындай жағдай: қазіргі кезде тозу — 40%, (2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 32%-ға дейін азайту жоспарланған).