15 Қазан 2025 ж.
Астанада коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың жүйелі тәсілдері әзірленеді

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыруға жауапты ведомстволардың басшылары елордадағы инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралады.
Іс-шара барысында қатысушылар коммуналдық жүйелердің жағдайымен танысып, қала халқының қарқынды өсуін ескере отырып, оларды пайдалану және дамыту мәселелерін талқылады. Жергілікті жерлердегі нысандар мен технологиялық процестердің жұмысын зерделеу инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың неғұрлым жүйелі тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік беретіні де айтылды. Бұл сондай-ақ жаңғыртудың басым бағыттарын айқындауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тартылған мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға жол ашады.
Сапар барысында делегация №1 кәріз-тазарту құрылыстары, Қорғалжын трассасы бойындағы газ жылу станциясы, Жылу электр орталығы (ЖЭО-2), Сорғы-сүзгі станциясы (ССС) және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының нысандарын аралап көрді.
Делегация құрамында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазақстан даму банкі» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, STEPPE DEVELOPMENT FUND және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері болды.