Ақтөбеде Батыс-2 мен Оңтүстік-Батыс аудандары үшін жеті ұңғыма қайта бұрғыланып, апатты коллектордың 1,2 шақырымы ауыстырылады

Кәріз сорғы станциясы, кәріз желілері, Ақтбе, жаңғырту, Ұлттық жоба, ЭКСЖ, - МЭКС

Жаздыгүні Ақтөбедегі Батыс-2, Оңтүстік-Батыс және басқа да қарқынды дамып келе жатқан аудандардың жоғарғы қабаттарында тұратын тұрғындар су қысымының әлсіздігін ерекше сезінеді. Сонымен қатар, қалада 1984 жылы салынған және тозуы 85 пайызға жеткен кәріз коллекторы әлі жұмыс істеп тұр. 2026 жылы қалада осы қордаланып қалған екі мәселені бірдей шешу жоспарланып отыр: ол үшін жеті артезиан ұңғымасы қайта бұрғыланып, апатты жағдайдағы коллектордың 1,2 километрі толығымен ауыстырылады.

Ақтөбе қаласы үшін ауызсу шаһардың өзінен алынбайды. Негізгі су көздерінің бірі облыс орталығынан 45 шақырым жерде, Алға ауданында орналасқан. Ол – қалаға тәулігіне 46 мың текше метрден астам су беретін Құндақтықыр су тартқышы. 

Бұл су тартқыш жүйесінің жұмыс істеп тұрғанына 35 жылдан асқан. Оның құрамында тереңдігі 200 метрден асатын 21 артезиан ұңғымасы бар. Уақыт өте келе жер астындағы құм ұңғымалардың ішіне өтіп, бағандарды бітеп, сорғы құрал-жабдықтарын істен шығара бастады. Осының салдарынан 2018-2023 жылдар аралығында бес ұңғыма жұмысын тоқтатты, ал қалған техниканың да өнімділігі айтарлықтай төмендеп кетті.

Бұл мәселені жай жөндеу арқылы шешу мүмкін болмай қалды. Созбалаңға салынбай, ең қатты тозған жеті ұңғыма жаңадан қайта бұрғыланады. Бұл жұмыстар шамамен алты айға созылады деп жоспарланған.Ұңғымалар қалпына келгеннен кейін су тартқыш бұрынғы су беру көлемін қайта қалпына келтіре алады. Бұл өзгерісті, ең алдымен, суды көп тұтынатын кездерде су тапшылығы мен қысымның төмендеуін жиі сезетін Батыс-2, Оңтүстік-Батыс және басқа да аудан тұрғындары байқайды. Сонымен қатар, бұл су тартқыштың үздіксіз жұмысына 27 мектеп, 35 балабақша және 12 аурухана тікелей қарап отыр. 

Екінші ірі нысан Ақтөбенің дәл өзінде орналасқан. Әңгіме №7 КСС-тен №6 КСС-ке дейінгі қысымды кәріз коллекторы туралы болып отыр. Диаметрі 600 миллиметрлік бұл құбыр арқылы күн сайын қаланың бірнеше үлкен ауданының ағынды сулары өтеді. Бұл коллектор Ғазиза Жұбанова көшесінен, «Зеленая долина» шағын ауданынан және Пацаев көшесінен бастап Молдағұлова даңғылына дейін созылатын желіден шыққан кәріз суын қабылдайды. Сонымен бірге оған облыстық аурухана, прокуратура, «Нұр Ғасыр» орталық мешіті және басқа да әлеуметтік әрі әкімшілік нысандар қосылған.

Бұл құбыр 1984 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оның тозу деңгейі 85 пайызға жеткен. Сондықтан толық ауыстырмай ары қарай пайдалану апаттар мен кәріз жүйесінің тоқтап қалу қаупін арттырады. Әсіресе қысымды коллектордағы апаттың салдары өте ауыр болуы мүмкін, өйткені ол арқылы ағынды сулар жоғары қысыммен өтеді. 

Кезекті уақытша жөндеулердің орнына, ұзындығы 1,2 шақырым болатын барлық учаске толығымен жаңартылады. Бұл коммуналдық қызметтерге түсетін салмақты азайтып, осы коллекторға қосылған аудандарда болуы мүмкін ірі апаттардың алдын алады, қауіпті төмендетеді. 

Екі жоба да «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Тұрғындар үшін мұның нәтижесі өте айқын болмақ. Үйлерге су тұрақты беріле бастайды, ал қалалық кәріз жүйесінің ең тозығы жеткен учаскелерінің бірі тұрақты апат қаупін тудыруын тоқтатады.

Жазылыңыз МЭКС-тің ресми Telegram арнасына