Қаз

22 August, 2025

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілді

Бүгін, 22 тамызда Көкшетау қаласында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер, өңірлік кәсіпкерлер палаталары, салалық қауымдастықтар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен кезекті көшпелі семинар-кеңес өтті.

Іс-шара барысында қатысушыларға «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асырудың негізгі тетіктері түсіндірілді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, Индустрия және құрылыс министрлігінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ өкілдері баяндама жасады.

2025 жылы өңірде «Степногорск Теплотранзит» ЖШС-нің (желілердің тозу деңгейі — 71,4%) жылумен жабдықтау саласында пилоттық жоба іске асырылады. 4,3 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және 11 бірлік жабдықты (сорғылар, ысырмалар және т.б.) ауыстыру жоспарланған. Іс-шараларды жүзеге асыру тозуды 3,32%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Компания 22 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді, оның ішінде 21,5 мыңы – халық, ал шамамен 600-і – заңды тұлғалар. Бұл өзгерістер Степногорск қаласы және Заводской кентін қамтиды. 

Сонымен қатар, Ұлттық жобаны өңірлерде жүзеге асыру жөніндегі Жобалық кеңсенің тобы «Көкшетау Жылу» ШЖҚ КМК нысандарында (желілердің тозу деңгейі — 43%) атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Биыл шамамен 5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау, 3 қазандық агрегатын жөндеу және автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жүргізілуде. Бұл іс-шаралар тозуды 4,39%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын 66 мыңнан астам абонентке, соның ішінде Көкшетау қаласының, Красный Яр ауылы мен Станционный кентінің тұрғындарына қызмет көрсетеді.

2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «Петропавл жылу желілері» ЖШС, «Солтүстік Қазақстан электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ, «Қызылжар су» ЖШС және басқа да кәсіпорындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысады.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 21%-ға азаяды.

2026 жылға арналған жалпы инвестиция көлемі Ақмола облысында 89,17 млрд теңгені, Солтүстік Қазақстан облысында 130,56 млрд теңгені құрайды.

ТМРК төрағасы Тимур Қосымбаев инфрақұрылымды жаңғырту – экономиканың тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасы соған байланысты болатын стратегиялық таңдау екенін атап өтті. Ол Ұлттық жобаны іске асыруға отандық өндірушілер мен бизнестің белсенді қатысу қажеттігін де жеткізді.

Көкшетаудағы семинар энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бағдарламасын аймақтарда түсіндіру бойынша Жобалық кеңсенің екінші көшпелі кеңесі болды.