27 August, 2025
2025 жылы энергия көздерін жөндеуге бөлінген қаражат 13%-ға өсті

Бұл туралы Үкімет отырысында алдағы жылу маусымына дайындық, энергия көздерінің, жылу желілерінің дайындығы және көмірмен қамтамасыз ету туралы баяндай отырып, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
«Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, биыл электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандық пен 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Әр түрлі кезеңде жөндеу жұмыстары 4 энергоблокта, 31 қазандықта және 20 турбинада жүргізіледі. 5 энергоблокта, 22 қазандықта және 12 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды», - деді ол.
2025 жылы энергия көздерін жөндеуге арналған 376,7 млрд теңгені игеру жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп.
Ол өңірлік электр желілік компаниялардың (ӨЭК) электр желілерінде жалпы ұзындығы 17 мың км электр беру желілерін, 420 қосалқы станцияларды, 3,5 мың тарату пункттерін және трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланғанын түсіндірді.
«Электр беру желілерінің 77%-ы, қосалқы стансалардың 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансалардың 73%-ы жөнделді. Жылумен жабдықтау желілерінде 323 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жұмыстың 215 шақырымы немесе 66%-ы орындалды. Барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады», - деді министр.
Биылғы 7 айда электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар 944 жағдайға дейін, яғни 11%-ға төмендеді. Сонымен қатар «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-да және «АлЭС» АҚ 3-ші ЖЭО-да технологиялық бұзушылықтар көбейген.
«Көрсетілген технологиялық бұзушылықтар бойынша энергетикалық қадағалау комитеті құзыреттер шеңберінде тиісті тергеулер жүргізді және осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін ұсынымдар берді. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,4 млн тонна көмір жинақталған, бұл өткен жылдың деңгейінен 9% -ға артық және 131,9 мың тонна мазут, бұл өткен жылдың деңгейінен 32%-ға артық», - деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, «Севказэнерго» АҚ ЖЭО-2-де көмір қоры нормативтік мәндерден төмен. Министрлік қыркүйек айынан бастап 257 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу кестесін бекітті.
«Шарттар жасасуды және отынның тиісті қорын қамтамасыз етуді жеделдету қажет», - деді Энергетика министрі.
Энергетика министрлігінің дерегінше, биыл шұғыл шаралар қабылдау үшін Үкімет резервінен 47,6 млрд теңге көлемінде жылу көздері мен жылу желілерін салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге қаражат бөлінді, оның ішінде:
· жылу көздерін салуға 20 млрд теңге;
· жылу көздерін жөндеуге және реконструкциялауға 8,7 млрд теңге;
· жылу желілерін жөндеуге 5,5 млрд теңге;
· жылу желілері бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларға 13,4 млр теңге қарастырылған.