Қаз

27 August, 2025

2025 жылы электр станцияларын жөндеуге «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша 377 млрд теңге бөлінді

Бұл туралы Үкімет отырысында алдағы жылу маусымына дайындық мәселесін қарастыру қорытындысын шығара отырып, ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды. Энергетикалық сектордың жоғары тозуын ескере келе, жылыту маусымына дайындық бойынша жоспарлы және сапалы жұмыс жүргізу қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында электр станцияларын жөндеу және жаңғырту үшін тек биыл 377 млрд теңге бөлінді, бұл былтырғыдан 15%-ға жоғары», - деді ол.

Сондай-ақ, Үкімет резервінен жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге шамамен 48 млрд теңге қарастырылған.

«Жылыту маусымы басталғанша солтүстік өңірлерде бір айдан аз уақыт қалды. Алайда бірқатар өңірлерде жөндеуді уақытылы аяқтамау қаупі бар. Біз бірнеше әкімнің баяндамасын тыңдадық. Жүргізіліп жатқан жұмысты барынша жеделдету қажет. Ақмола облысында Степногорск ЖЭО-да резервтік қазандықты жөндеу аяқталған жоқ. Маңғыстау облысында 2-ЖЭО-ға екі турбинаны жөндеу мерзімі өзгерді. Сондай-ақ Ақтау жылу желілерін қайта жаңарту бойынша жұмыс қарқыны баяу екені байқалады. Әр аймақта осындай проблемалар бар, айта берсек көп. Мұндай жағдайлар әкімдер тарапынан жоспардың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді», - деді премьер.

Оның айтуынша, кейбір облыстарда аймақтық штабтардың қысқа дайындығы әлсіз екендігі байқалады. Ал жұмысты дұрыс үйлестіру және бақылау арқылы  кез келген қауіп-қатердің алдын алуға болады.

«Биыл мамырда жабдықтарды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеу керекті туралы тапсырма берілген. Алайда «KEGOC» компаниясы энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының мерзімдерін ұзартуға рұқсат беруді жалғастыруда. Бұл орындау және тәртіптің және тиісті бақылау жоқ деген сөз. Тапсырманы орындау уақытын өзгерту немесе оларды негізсіз ауыстырудың әрбір фактісі бойынша Энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы қажет», - деді Олжас Бектенов.

Энергетикалық кәсіпорындарға дайындық паспорттарын беру жұмыстары басталды. Премьердің айтуынша, әкімдер энергетикалық кәсіпорындардың жылу беру маусымына дайындығын бағалау жөніндегі комиссия жұмысына жеке қатысуы керек.

«Нысандар қысқа әзірлік паспорттарынсыз жұмысты бастамау керек. Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет. Әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталатын болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Сондай-ақ жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырамын. Энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет. Жылыту маусымын ауа-райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастап кету керек», - деді премьер.

Осыған байланысты ол келесі жұмыстарды орындауды тапсырды. 

Бірінші. Энергетика министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз етсін. Биыл бірінші қыркүйекке дейін өңірлерге әлеуметтік мазутты жеткізу кестесі бекітілсін.

Екінші. Энергетика министрлігі Қазақстан теміржолы компаниясымен және өңірлердің әкімдіктерімен бірге энергия объектілеріне көмір мен мазутты бекітілген кесте мен көлемдерге сәйкес уақтылы жеткізу жөнінде шаралар қабылдап, сондай-ақ халықтың көмірмен қамтамасыз етілуіне бақылау белгілеуі қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, өңірлердің әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етсін, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды. Оқу-ағарту Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктеріне аталған мәселені бақылауда ұстау тапсырылды.