Колл-центр
31 Қазан 2025 ж.
Су есептегіш құрылғыларын сатып алу және орнату шығындарына құрылыс салушы компания жауапты
Жобаланып жатқан және жаңғыртылатын ғимараттарда су есептегіш құрылғыларын деректерді жинау және беру жүйесімен бірге сатып алу мен орнату шығындары құрылыс жүргізушінің мойнына жүктеледі. Бұл талаптар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 8 тамыздағы №295 бұйрығы бойынша бекітілген суды есепке алу аспаптары мен жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларында көрсетілген.
Осы бұйрықта суды есепке алу аспаптарына және оларды пайдалануға қойылатын талаптар да белгіленген. Олар:
- тіркеу және тексеру: суды есепке алу аспаптары өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілуі тиіс және міндетті тексеруге жатады;
- пайдалану мерзімінің аяқталуы: есептегіш құралының тексеру мерзімі аяқталғаннан кейін, ол коммерциялық есепке алудан шығарылады және тұтынушылармен есеп айырысу үшін пайдалануға болмайды.
- диагностика: су көздерінен алынатын суды коммерциялық есепке алу үшін автоматты жұмыс істеуін тексеру мүмкіндігі бар су есептегіш құрылғылар мен ақпараттық-өлшеу жүйелері (АӨЖ) қолданылады. Егер құрылғыда ақау болса, жүйе автоматты түрде ақау болған уақытты тіркеп, АӨЖ жүйесіне хабарлама жібереді.
Анықтама:
Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі аспаптар мен суды есепке алу жүйелерін таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 8 тамыздағы № 295 бұйрығы. ҚР Әділет министрлігінде 2025 жылғы 18 тамызда № 36616 болып тіркелді.