Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

17 Желтоқсан 2025 ж.

Президент энергетика саласында таяу жылдары атқарылатын нақты жұмыс бағыттарын айқындап берді

ГРЭС, жылу, энергия, ЭкСЖ, жаңғырту, ұлттық жоба, - МЭКС

Бұл туралы бүгін Ақордада өткен салтанатты іс-шарада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады. Кездесу энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтауға арналды.

«Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басымдыққа ие міндет. Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталады. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді осы тораптарды бірыңғай ұлттық энергетика жүйесіне жалғау қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатқанын атап өтті.  Атап айтқанда, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сондай-ақ үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталмақ. 

«Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс. 2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту – Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды мақсат. Сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту қажет. Бұған қоса, келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосу керек. Біз 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат көзін өндіретін нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, Қазақстанның табиғи ресурстарын және өндірістік әлеуетін ескерсек, біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек.

«Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн. Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да тиісті көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

«Еліміздегі көмір қоры – шамамен 33 миллиард тонна. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Соңғы 5 жылда осы салаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Соның нәтижесінде энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты. Экологиялық тұрғыдан таза энергия өндірісін одан әрі дамыту үшін әлемдік ең үздік компаниялармен әріптестік орнаттық», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта бүкіл әлем түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатқанына назар аударды. Ол атом станциясы құрылысының басталуы туралы шешімнің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, болашақта бұл елдің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертетінін және ұлттық экономиканы қайта қалыптастыратынын атап өтті.

Президент бір топ азаматтарға еліміздің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік наградаларды тапсырды.