25 Тамыз 2025 ж.
Қазақстан 2029 жылға қарай шамамен 7,3 ГВт жаңа қуат енгізеді

2029 жылға қарай жаңа энергетикалық нысандарды жаңғырту және салу саласындағы инвестиция көлемі 6,3 трлн теңгені құрайды.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусин мәлімдеді.
«2029 жылға қарай энергия өндіру саласында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы қуаты шамамен 7,3 ГВт болатын 29 жобаны енгізу жоспарлануда. 2029 жылға қарай жаңа энергетикалық нысандарды жаңғырту және салу саласындағы инвестиция көлемі 6,3 триллион теңгені құрайтын болады», - деді ол.
Оның ішінде 1 триллион 770 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба қолданыстағы активтерді жаңғыртуға (2 050 МВт); 15 жоба жаңа қуаттарды (5 259 МВт) енгізуге арналған, оның құны 4 трлн 438 млрд теңге.
Ол Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін бірқатар маңызды жобаларды атады.
«Мәселен, Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға көшіру жобаларын жүзеге асыру (іске асыру мерзімі: 2026 жыл) көзделген. Бұл осы ЖЭО-лардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайтады және стансаның жылу және электр қуатын арттырады. Сондай-ақ, Түркістан облысында қуаттылығы 1 ГВт құрамалы циклді станса жобасын іске асыру (іске асыру мерзімі – 2026 жыл) жоспарланған. Бұл жоба оңтүстік өңірдің тапшылығын жабуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бірыңғай энергетикалық жүйесінде қосымша маневрлік қуатты құруға бағытталған», – деді Асылжан Мусин.
Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ел тұрғындары мен экономикасын сенімді энергиямен қамтамасыз ету мақсатында «МАЭК» ЖШС алаңында қуаттылығы 160 МВт құрама циклді станса құрылысының жобасы жүзеге асырылуда (іске асыру мерзімі – 2027 жыл).
«Бұған қоса, жаңартылатын энергия көздері генерациясының қарқынды дамуын ескере отырып, энергетикалық жүйені жақсарту үшін 2028 жылы Атырау, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында жалпы қуаты шамамен 700 МВт болатын маневрлік режимдегі қосымша қуат көздерін енгізу жоспарда бар. Сонымен қатар, генерация секторы бойынша жобаларды іске асыру электрлік қуат нарығының қолданыстағы тетіктері (аукциондар, инвестициялық келісімдер, тендерлер) аясында, мемлекеттік бюджет қаражатынан субсидия тартпай-ақ жүзеге асырылады», – деді Энергетика министрлігінің департамент басшысы.
2029 жылға дейін 29 жобаны аяқтау жоспарлануда, бұл электр станцияларының орташа тозу деңгейін 17%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Аталған жобаларды іске асыру электр энергиясының қуатын арттырып, ел экономикасы мен халқын сенімді электрмен қамтамасыз етуді қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.
«Биыл қолданыстағы станцияларды жаңғырту есебінен 36 МВт қуатты енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда «Текелі энергетикалық кешені» ЖШС-де екі газтурбиналық қондырғының (бірінші кезең) құрылысы сәтті аяқталып, 24 МВт генерация іске қосылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 12 МВт қуатқа ие тағы бір газтурбиналық қондырғыны (екінші кезең) пайдалануға беру жоспарлануда», – деп нақтылады ол.
Өз кезегінде, 2026 жылы жалпы қуаты 2,51 ГВт болатын электр қуаттарын іске қосу жоспарланып отыр.
Оның ішінде қолданыстағы станцияларды жаңғырту есебінен 633,6 МВт қуат енгізілмек:
«Текелі энергетикалық кешені» ЖШС – үш утилизатор-қазандығы мен генераторы бар бу турбинасын іске қосу (17 МВт);
Алматы қаласындағы ЖЭО-2 алаңында парогазды қондырғыны іске қосу – 557 МВт;
«Атырау ЖЭО» АҚ – №11 турбогенератор станциясын және №15 қазандық агрегатын іске қосу (59,6 МВт);
Ал жаңа құрылыстар есебінен 1 884 МВт қуат көздерін енгізу көзделуде:
Қызылорда облысында парогазды қондырғы – 240 МВт;
Түркістан облысында парогазды қондырғы – 1000 МВт;
Алматы қаласында ЖЭО-3 алаңында парогазды қондырғы – 544 МВт;
Жезқазған ЖЭО алаңында парогазды қондырғы – 100 МВт.
«Біз барлық жобалардың өз уақытында іске қосылады деп күтеміз, бұл жылумен қамтамасыз ету мен электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етеді. Назар аударғандарыңызға рақмет», – деп түйіндеді Асылжан Мусин.