26 August, 2025
ЭКСЖ жобасы аясында қандай қаржылық тетіктер енгізіледі

Бұл туралы жобаның қаржылық операторы саналатын «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ нақты түсіндірді.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысына арналған баспасөз мәслихатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева мәлімдеді.
«Біз қаржы операторы боламыз және табиғи монополиялар субъектілерінің, сондай-ақ ЖАО МБҚ (мемлекеттік бағалы қағаздар) жобаларына тікелей кредит беруді қамтамасыз етеміз. Қазір коммуналдық меншік саласында қолданылатын ЖАО МБҚ құралы кеңейтілуде. Әкімдіктердің меншігіндегі кәсіпорындар қаржыландыруды ЖАО облигацияларын шығару арқылы ала алады. Бұдан бөлек, Қазақстанның Даму Банкі арқылы табиғи монополиялардың ірі жекеменшік субъектілеріне тікелей кредит беру жүзеге асырылмақ», – деп түсіндірді спикер.
Холдинг Қазақстанның Даму Банкі арқылы жеке меншікке жататын ірі табиғи монополия субъектілерінің жобаларын тікелей несиелеуді жүзеге асырады.
«Сондай-ақ бізде үшінші құрал бар – бұл субсидиялау тетігі. Біз оны не үшін қолданамыз? Қаржыландыру нарықтық жағдайда тартылады, бұл тарифке шамадан тыс салмақ салмас үшін қажет. Яғни, біз тарифтің өсуі бәрібір болатынын түсінеміз, бірақ ол ақылға қонымды шекте өсуі тиіс. Бұл ретте тарифтік реттеуші де жағдайды бақылап отырады. Осыған байланысты субсидиялау тетігі аса маңызды рөл атқарады. Осылайша біз қаржыландыруды қолжетімді етеміз», - деп түсіндірді Әлия Мырзағалиева.
Төртіншіден, «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетігі іске қосылады.
««Біз тарифтер өсетінін түсінеміз, бірақ ойға қонымды шектерде. Біздің міндетіміз – қаржыландыруды қолжетімді ету, ал тарифтердің өсуі – негізделген және қолайлы. Кепілдік берудің қосымша құралы пайдаланылады: «Даму» еншілес ұйымы арқылы екі кепілдік қоры жұмыс істейді. Ірі инвестициялық жобалар бойынша жоба құнының 30%-на дейін кепілдік беру тетігі қосылған. Сондай-ақ 5 және 10 жылға ұзақ мерзімді қарыздар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп нақтылады холдингтің басқарушы директоры.
Жалпы, холдинг осы жобаларды 20 жылға дейін қаржыландыруды жоспарлап отыр.
«Сонымен қатар, қазір біз бес және он жылдық займдарды тартып, қаржыландыру базасын жағдайға қарай өзгертіп отыруға тырысамыз. Егер нарықта пайыздық мөлшерлемелер төмендесе, біз де осы мөлшерлемені төмендетуге ұмтыламыз», - деп түсіндірді ол.
Ұлттық жоба аясында жаңғырту жобаларын тиімді іске асыру үшін «Самұрық-Қазына Контракт» платформасының базасында электрондық платформа әзірленіп, құрылады. Бұл платформа арқылы табиғи монополия субъектілерінен жаңғыртуға өтінімдер қабылданады, әлеуетті мердігерлер мен тауар, жұмыстар және көрсетілетін қызметті қызметі орындаушы (жеңімпаздар) таңдалады, сатып алу процестері жүргізіледі және келісімшарттар жасалады.
Осы нормативтік-құқықтық актілерге мыналар жатады:
Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министрі Нағаспаев Е.К.-ның 2025 жылғы 12 тамыздағы №297 бұйрығы – «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы аясында тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу, жобалау, құрылыс және (немесе) пайдалану процестерін мониторингтеу ережелерін бекіту туралы»;
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Жұманғарин С.М.-нің 2025 жылғы 12 тамыздағы №78 бұйрығы – «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын жобалар бойынша табиғи монополия субъектілеріне берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау ережелерін, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарға қатысты ережелерді бекіту туралы».
Оның айтуынша, ұлттық жобаның өтінім беру модуліне арналған платформасы әлі толық іске қосылған жоқ.
«Платформа жақында іске қосылады, алайда қазіргі кезде біз табиғи монополия субъектілерінен қаржыландыруға өтінімдерді өз ішкі порталымыз арқылы қабылдап отырмыз. Қазірдің өзінде тікелей несиелеуге 7 субъект өтінім берген, олардың өтінімі қаралуда», - деп түйіндеді Әлия Мырзағалиева.
Нормативтік база бекітіліп, электрондық платформа іске қосылғанға дейін холдинг табиғи монополия субъектілеріне (ТМС) өтінімдерді ішкі Bgov.kz портал арқылы тапсыру мүмкіндігін ұсынды.
Бүгінгі күнге дейін Bgov.kz порталы арқылы табиғи монополия субъектілерінен жалпы сомасы 175 млрд теңге болатын 26 өтінім түскен. Бұл өтінімдер қарастыру үшін холдингтің еншілес ұйымдарына жолданды:
· «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ына – 54,9 млрд теңге;
· «Қазақстанның даму банкі» АҚ-ына – 120 млрд теңге.
Сонымен қатар, Қазақстан тұрғын үй компаниясы (ҚТҮК) арқылы Павлодар, Қарағанды қалалары мен Батыс Қазақстан облысында облигация механизмін пайдалану бойынша 10 пилоттық жоба бойынша өтініштер берілді. 2025 жылға арналған жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын (МБҚ ЖАО) шығару көлемі жалпы 26,7 млрд теңге құрайды.
«Аталған қалаларда жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі 28 шілдедегі №398 бұйрықпен 2025 жылы Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағалы қағаздарын (МБҚ ЖАО) шығару туралы шешім қабылдады, сомасы 9,7 млрд теңге, ол жылу, электр, су жабдықтау және су бұру жүйелерін салуды қаржыландыруға бағытталады. 6 тамыздағы №426 бұйрық бойынша Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдарының МБҚ ЖАО шығару туралы шешімі қабылданды, сомасы 5,4 млрд теңге, ол жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау) үшін арналған. Сондай-ақ 12 тамыздағы №440 бұйрық бойынша Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдарының 2,5 млрд теңге сомасындағы МБҚ ЖАО шығару туралы шешім бекітілді, бұл қаржы жылу, электр, су жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға жұмсалады», - деп нақтылады холдингтің басқарушы директоры.
Қыркүйекте холдинг Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы қаржыландыруды бастайды.
«Қазақстанның даму банкі» арқылы биылғы жылы қаржыландыру табиғи монополия субъектілерінің дайындығына байланысты жүзеге асырылатын болады», - деді Әлия Мырзағалиева.