2026 жылы Қазақстанда 12 мың шақырым инженерлік желі жаңартылады
2026 жылы Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында инженерлік желілерді жөндеу көлемін екі есеге жуық ұлғайту жоспарланып отыр – 6,6 мың шақырымнан 12 мың шақырымға дейін. Жобаларды жүзеге асыруға 1,138 триллион теңге қарастырылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Дарбаев мәлімдеді.
Жалпы соманың 759 млрд теңгесі тікелей құрылыс жұмыстарына бағытталған. Ал EPC-мердігерлері анықталған, құны 379 млрд теңгені құрайтын жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және отандық тауар өндірушілерден материалдар сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Салыстыратын болсақ, 2025 жылы инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 547 млрд теңге бағытталған болатын. Бұл қаражатқа 6,6 мың шақырым желі жөнделді, оның ішінде 6 мың шақырымға жуық электр, 309 км су құбырына, 259 км жылу және 103 км кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.