Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36

24 Қараша 2025 ж.

«Бәйтерек» ТМС-ге екі түрлі тікелей несие беру жолын түсіндірді

банктер, ТМС, Бәйтерек, ұлттық жоба, жаңғырту жобалары, - МЭКС

Ол несиелер «Қазақстанның даму банкі» және екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады.  

«Бәйтерек» ҰБХ» басқарушы директоры Әлия Мырзағалиеваның айтуынша, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жоба аясында жеке табиғи монополия субъектілеріне қолдау көрсету үшін қаржы операторы екі бағыт бойынша тікелей несие беру тетігін әзірлеген.

«Бірінші бағыт – бұл Қазақстанның Даму Банкі, ал екіншісі – кез келген екінші деңгейлі банк. Бұл екі бағытқа бөлу жобаның өзін-өзі ақтауына және қаржы әкелу қабілетіне байланысты. Егер жоба 5-10 жыл ішінде Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекіткен жартылай тариф арқылы несиені қайтара алмаса, онда оған төлемдерді теңестіру және субъектілерге кредиттік жүктемені жеңілдету үшін 15 немесе 20 жылдық қарыз қажет. Мұндай жағдайда Қазақстанның Даму Банкі іске қосылады», - деп түсіндірді ол.

Қазақстанның Даму банкі – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы және бизнес өкілдеріне ұзақ мерзімді несие беретін жалғыз қаржы институты.

«Екінші деңгейлі банктерде өтімділік нарығы бар. Бұл – халықтың жинақтары мен депозиттері, яғни экономикалық айналымға қатысып жатқан ақша. Бірақ ол банктердің қаражаты қысқа мерзімді. Егер қандай да бір мекеменің абоненттік базасы мықты болып, тарифтік табысы 5 жылдық несиені халыққа ауыртпалық салмай қайтаруға мүмкіндік берсе, біз ондай жобаларды екінші деңгейлі банктерге ұсынамыз. Олар қаржыландыра алады. Мейлі ол екінші деңгейлі банк болсын, мейлі Қазақстанның Даму Банкі болсын немесе әкімдік арқылы шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаз болсын барлық жағдайда мемлекет тарапынан субсидиялау қарастырылған», - деді Әлия Мырзағалиева.

Яғни, мемлекет тарифтің бір бөлігін өтейді, сол арқылы халыққа түсетін қаржылық ауыртпалықты азайтады.