Ұлттық жоба аясында Алматыда 19,6 шақырым жылу желісі жаңартылады

Жаңғырту, ұлттық жоба, Алматы жылу желілері, - МЭКС

Алматыда жылу жүйесін жаңартуға бағытталған ірі жоба басталады. Бұл жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылмақ. 

Жобаны қаржыландыру үшін «Қазақстан Даму Банкі» мен «Алматы электр станциялары» акционерлік қоғамы өзара алдын ала келісімге қол қойды. Осы келісімнің арқасында 2-жылу-электр орталығы мен Батыс жылу кешені арасындағы магистральды жылу құбырлары қайта жөндеуден өтеді. Бұл жоба қаланың ең ескірген жылу желілерінің бірін жаңартуға бағытталған. Қазір бұл жылу желісінің 83%-ы тозып тұр. Соның салдарынан апат жиілеп, үйлерге жылу дұрыс жетпей қалу қаупі өте жоғары.

Жоба аясында Алматының Әуезов және Алатау аудандарындағы 19,6 шақырым құбыр толығымен қайта жөндеуден өтеді. Жұмыс барысында ескірген инженерлік желілер ауыстырылып, жылу трассасының жаңа жерасты және жерүсті бөліктері салынады. Сонымен қатар заманауи павильондар, эстакадалар мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, бұл жүйе қолданыстағы қалалық инженерлік желілерге қосылады.

Жұмыстар аяқталған соң 2-жылу-электр орталығына (ЖЭО-2) қосылған тұтынушыларға жылу өте тиімді түрде беріле бастайды. Бұл магистраль сағатына 606 Гкал жылу жүктемесін өткізе алады, ал жыл сайын халыққа 3 миллион Гкал-дан астам жылу энергиясын таратады.

Жоба іске асса, жылыту маусымында апаттардың кесірінен жылудың өшіп қалу қаупі едәуір азайып, қала тұрғындарына көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасы артады.

Жобаның жалпы құны – 61,1 млрд теңге. Жұмыстың жоспарланған уақытқа сәйкес аяқталуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Даму Банкі 26,4 млрд теңгеге дейін қаржы бөледі. Қайта жөндеу жұмыстарын 2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұл жоба – еліміздің «Энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғыртуды» көздейтін ауқымды Ұлттық жобаның бір бөлігі. Оның басты мақсаты – халықты жылумен, электр энергиясымен, сумен және кәріз жүйесімен үздіксіз қамтамасыз етіп, құбырлар мен желілердің ескіруін азайту және коммуналдық қызмет сапасын жақсарту.

Алматыдағы жылу магистралін қайта жөндеу – Қазақстан Даму Банкінің (ҚДБ) осы Ұлттық жоба аясында жүзеге асырып жатқан кезекті бастамасы. Бұған дейін банктің қолдауымен Қарағанды және Жетісу облыстарындағы электр желілерін жаңарту жұмыстары қаржыландырыла бастаған еді.

 

Жазылыңыз МЭКС-тің ресми Telegram арнасына