Қаз

Колл-центр

8 (7172) 99-94-36
Басты бет Жаңалықтар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға қатысты ұстанымдарды айқындап берді

5 Қаңтар 2026 ж.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға қатысты ұстанымдарды айқындап берді

энергетика, инфрақұрылым, ұлттық жоба, тұрғын үй, коммуналдық сектор, Тоқаев, - МЭКС

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыртық-тесікті жанталаса жамап қою жеткіліксіз. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты.

Президенттің пайымдауынша, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіріп қана қоймай, жұмыс тәсілін өзгерту керек. 

«Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр.

Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді. Дегенмен, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту керек. Сондықтан, жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет», - деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкіметтің шұғыл шаралары мәселенің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді.

«Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді.   

Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, азаматтар шарасыз күйге түсті. Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті. Шынымды айтайын, жеке абыройымды ойласам, мен де бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салар едім. Бірақ, халықтың көзі үйренген таптаурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.